Асхат Аймағамбетов: Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қолдауға күш салып жатырмыз

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Білім және ғылым министрі Асха Аймағамбетов министрлік тарапынан ерекше білім беруді қажет ететін балаларды қолдауға барынша күш салып жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы министр бүгін өзінің Facebook парақшасында жазды.

«Бүгін Қазақстанның Азаматтық форумы қарсаңында үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесу өткіздім. Белсенділермен бірқатар маңызды мәселені талқыладық. Сондай-ақ білім және ғылым саласына қатысты айтылған бастамаларды назарға алдым.

Біз Үкіметтік емес ұйымдармен тұрақты негізде өзара іс-қимыл жасайтынымызды атап өткім келеді.

Біздің ынтымақтастығымыз маңызды жобалар мен стандартты емес шешімдерді, әсіресе балалардың құқықтарын қорғау мәселелерінде іске асыруға ықпал етеді.

Біз тығыз жұмыс істейтін ҮЕҰ өте көп болғандықтан, бәрін тізіп шығу қиын. Сондықтан мен ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау мәселелері бойынша жұмыс істейтіндерді атап өтейін»,-деді Асхат Аймағамбетов өзінің жазбасында.

Мәселен «Дара», «Болашақ» сияқты қорлардың белсенді қызметінің арқасында біз мектептерде ресурстық орталықтар мен инклюзияны қолдау кабинеттерін аштық. Осылайша, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқу процесіне бейімдеу үшін жаңа жағдайлар жасалды.

«Мен жақында ғана барған «Аутизм орталықтарын» құру жөніндегі «Асыл Мирас» қорының жобасы министрлік бекіткен арнайы, білім беру ұйымдарының тізбесіне енді және қазір өңірлерде ашыла бастады»,-дейді министр.

Сондай-ақ оның жазуынша, министрлік ҮЕҰ-мен бірге ауылдық жерлерде ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қолдау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Мәселен, «Дара» қоры жергілікті атқарушы органдардың көмегімен ауылдық психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерінің тұтас желісін ашты.

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың шығармашылық әлеуетін дамытуға үлес қосатын жыл сайынғы «Жұлдызай» шығармашылық байқауы арнайы мектеп тәрбиеленушілері арасында үлкен танымалдыққа ие.

«Аяла» қоры арнайы мектептерде кәсіптік бағдар кабинеттерін ашып жатыр.

Үкіметтік емес ұйым өкілдерімен бірге жүзеге асырылатын осындай жобалар өте көп.

«Мен бүгінгі жиынға қатысушылардың барлығын білім беру жүйесі мен ғылымның дамуына барынша қолдау білдіріп жатқан еліміздің жанашыр азаматтары деу дұрысырақ деп ойлаймын. Осы кездесуге қатысқаныма қуаныштымын және одан әрі жемісті ынтымақтастығымызға сенемін. Министрлік бірлесе отырып жұмыс істеуге дайын»,-делінген жазбада.


Соңғы жаңалықтар