Асхат Аймағамбетов: Балалардың әл-ауқаты индексін дайындау бойынша үлкен жұмыс атқарудамыз

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Дүниежүзілік балалар күні аясында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бірнеше мектеп оқушысымен онлайн-кездесу өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Онлайн-кездесулер ЮНИСЕФ-тің «Kids Take over – Балалар көш бастайды» бастамасы негізінде ұйымдастырылды.

«Біз қазір балалардың әл-ауқаты индексін дайындау бойынша үлкен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Балалардың әл-ауқаты – тек білім беру ғана емес, сонымен қатар денсаулық сақтау және басқа да көптеген саланың мәселесі. Біз индекс жасап, әр қала, әр аудан, әр облыс бойынша қандай да бір облыстың қалай жұмыс істейтінін және балаларға қандай жағдай жасайтынын, бала құқықтарын қалай қорғайтынын көргіміз келеді. Бұл жұмысты бастап та кеттік, келесі жылдың қаңтар айынан бастап жұмыс жүйелі түрде жүргізілетін болады деп ойлаймын. Сондай-ақ, біз әр мектепте өзін-өзі басқару институттары – мектеп парламенттері болғанын қалаймыз», – деді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

Эфир барысында оқушылар тарапынан ұсыныстар мен бастамалар айтылды. Атап айтқанда, оқушылар бала құқықтарын қорғау мақсатында сенім телефондарын ұйымдастыруды ұсынады, сондай-ақ мектептерді көркем әдебиеттермен қамтамасыз ету мәселелерін көтерді. «Біз «Оқитын ұлт» деген үлкен жобаны бастадық. Әр мектепті көркем әдебиетпен, әсіресе қазақ тіліндегі әдебиеттермен қамтамасыз еткіміз келеді. Кітапханаларды көркем әдебиетпен қамтамасыз ету керек. Балаларымыздың кітап оқуы біз үшін өте маңызды», – деді Білім министрі қашанда оқушыларды тыңдауға және қолдауға дайын екенін айта келе.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда «Оқитын мектеп – оқитын ұлт» жобасы басталды.


Соңғы жаңалықтар