Ашаршылықты алдымен толық зерттеп алуымыз керек – сарапшылар не дейді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Ашаршылықты саясиландырмайық» деген Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың сөзіне қатысты әртүрлі пікір айтып жатқандар бар. Бірі бұл мәлімдеге қарсы уәж айтса, екіншісі айтылған сөздің дұрыс екенін алға тартады. Осы ретте тарихшы Жамбыл Артықбаев пен саясаттанушы Айдос Сарымды сөзге тартып көріп едік.

«Алдымен Президент, содан кейін Сенат төрағасы айтқаннан кейін ашаршылық тақырыбын кәсіби тарихшылар қайтадан көтереді ғой деген үлкен үмітіміз бар. Әрине, бұл оқиғаны саясиландырмай, оның ғылыми маңызын түсіндіру, қарау, баға беру біз үшін маңызды ғой», - дейді Жамбыл Артықбаев.

Профессордың айтуынша, тарихтың бұл қасіретті кезеңіне зерттеушілер үшін саяси баға бергеннен гөрі оны зерттеу нысанасына айналдырып, нақты жұмысқа кіріскен жөн.

«Ашаршылық тақырыбын саясиландыратын болсақ, бұл мәселеге ғылыми тұрғыдан келу өте қиынға айналады. Бүгінгі күні ең маңызды дүние – ашаршылыққа қатысты дүниенің барлығын жүйелеп шығару. Ашаршылықтың алдында «ұлы кәмпеске» деп аталатын, қазақ шаруашылығын әбден бұзған саяси шара болды. Ұлы кәмпеске экономиканың негізгі тетігін ұстап тұрған адамдарды қауым ортасынан алып тастады. Шаруашылық жүйесінде жұмыс істеу процесін тоқтатты. Кейін келіп, ашаршылық ұлы кәмпескенің салдарына айналды. Менің ойымша, құжаттардың көпшілігі НКВД қорында жатса керек. Сондықтан қазіргі тарихшылар үшін ең басты мәселе – деректерді жинау. Архивтерден тыс екінші мәліметтерді естеліктерден алуға болады. Ауыздан ауызға айтылып жатқан естеліктерді жинап шығуымыз керек. Сол кезде адам шығынын жалпы жобалап анықтауға болады. Ашаршылыққа байланысты деректерді Щербина экспедициясы жүргізген статистикалық зерттеулерден алу керек. Кімде-кім отызыншы жылдардағы ашаршылықты зерттегісі келсе, Щербинаның статистикалық мәліметтерін қарап шығуы тиіс», - деп атап өтті

Саясаттанушы, Мәжіліс депутаты Айдос Сарым да ашаршылық тарихын алдымен ғылыми тұрғыда зерттеу керектігін айтады.

«Мәулен Әшімбаевтың айтып жатқаны – ашаршылық тақырыбын тарихшылар, кәсіби қауымдастық зерттеп, соның нақты болған жағдайлары мен құрбандардың санын анықтау. Тарихтың бұл қасіретті кезеңіне толыққанды зерттеу жүргізу керек. Өздеріңіз білетіндей, қазіргі таңда қуғын-сүргін құрбандарын толығымен ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия жұмысын жүргізіп жатыр. Оның негізгі жұмысы – ХХ ғасырда қазақ халқына жасалған үлкен қияметтер мен қылмыстарды әшкерелеу, ақталмай қалған тұлғаларды ақтау, Ашаршылықтың деректерін анықтау. Мысалы ХХ ғасырдағы бірнеше рет болған аштықтың салдарынан қанша қазақтың қырылғанын әлі күнге дейін білмейміз. Тарихшылардың ішінде осы мәселеге байланысты ымыраның, конвенцияның жоқтығы – негізгі мәселені шектен тыс эмоцияға апарып соқтырып жатыр», - дейді Айдос Сарым.

Саясаттанушының айтуынша, мемлекеттік комиссия 11 жұмыс тобын құрған. Барлығына ҰҚК, ІІМ архивтеріне толыққанды жұмыс істеуге мүмкіндік берілген.

Осы материалдардың бәрі зерттеліп, сараланып болғаннан кейін ортақ ымыраға келу керек.

«Екіншіден, менің ойымша қазақ халқы ашаршылық тақырыбын біреумен есеп айырысу үшін пайдаланбайды. Ең алдымен, біз үшін аруақ алдындағы шаруа. Өйткені әлі күнге дейін көмусіз, атаусыз қалған адамдарды түгендеу мәселесі бар. Ал бірақ ел ішінде бұл тақырыпты зерттеп, айтуға, кино түсіруге, кітап жазуға ешкімге шектеу жоқ. Ең алдымен, ХХ ғасырмен есеп айырысатын үлкен гуманитарлық қадамды бастауымыз керек», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар