Әсет Исекешев: Дәрігерлер мен полицияның, әскери қызметшінің жұмысына жанашырлықпен қараңыздар

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Әсет Исекешев коронавируспен күресте Үкімет, әкімдер, Президент аппараты, Қауіпсіздік Кеңесінің аппараты бірыңғай штаб ретінде тәулік бойы жұмыс істеп жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кеше Мемлекеттік комиссия төтенше жағдайлардың алдын алуды қамтамасыз ету мақсатында үшінші отырысын өткізді. Үкімет, әкімдер, Президент аппараты, Қауіпсіздік Кеңесінің аппараты бірыңғай штаб ретінде тәулік бойы жұмыс істеуде. Мониторинг, талдау, карантин, тамақ, дәрі-дәрмектермен және жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету, жолаушыларды тасымалдаудың жаңа жағдайларда жұмыс істеуі, басқа да мәселелер бойынша жедел шешім қабылдау сұрақтары назарда. Біздің азаматтарымыздың шетелден оралуы ерекше бақылауда», - деп жазды Әсет Исекешев Facebook -тегі парақшасында.

Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы 2020 жылдың 22 наурызында сағат 00.00-ден бастап карантиннің енгізілуіне байланысты Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының барлық бекеттерінде пойыз жүрісі тоқтатылатынын мәлім етті. Бұл транзиттік пойыздарға да қатысты. Трафикті қалпына келтіру туралы кейінірек хабарланады. Әзірге рейсі тоқтатылған пойыз билеттерінің иелері ақшаларын толық қайтара ала алады.

«Маскаларға келетін болсақ: Қазақстанда 48 маска өндіруші бар. Бір ғана 17 наурызда жалпы 300 мыңнан астам маска шығарылды. Олардың қоймаларында қазір 760 мың маска бар. Сауда нүктелерінде жеткізу үздіксіз жүзеге асырылады. Экспортқа тыйым салынған. Бір сөзбен айтқанда, маска жетуі үшін барлық шаралар қолданылуда. Егер сіз маскалар немесе антисептиктерді қымбат бағаға сату туралы ақпаратқа тап болсаңыз, + 7-7172-70-84-78 және + 7-7172-31-61-45 нөмірлеріне хабарласыңыз. Бұл Қаржылық бақылау комитетінің сенім телефоны», - деп жазады ол.

Әсет Исекешев әлеуметтік желілердегі карантинді талқылауды мұқият қадағалауда екенін жеткізді. Барлық мәселелер бойынша дереу тиісті орындар (Әкімдіктер, Ішкі істер министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі және басқалар) ақпарат береді.

«Сөз соңында айтарым, дәрігерлердің, полицияның, әскери және басқа да қызметкерлердің жұмысына жанашырлықпен қараңыздар. Жағдай күрделі, бірінші рет карантин енгізілді, барлығы халықтың қауіпсіздігі үшін жасалды! Өтініш - жалған сөздер мен қауесеттерге сенбеңіздер, карантин режімін сақтаңыздар. Көпшілік ортада кем дегенде екі метр қашықтықты ұстаңыз. Қолыңызды жиі жуыңыз. Егер қажет болмаса, үйден шықпаған дұрыс. Тұмау белгілері болса дереу дәрігерге хабарлаңыздар және олардың нұсқауларын нақты орындаған жөн. Вирустың таралуын тоқтату біздің өз қолымызда. Сақтанып жүрейік. Абай болыңыздар», - деп жазды Әсет Исекешев.


Соңғы жаңалықтар