Әсет Ерғалиев ел экономикасы өсіміне болжам жасады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл Қазақстан экономикасының өсімі 3,1 пайыз болатындығы болжанады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында 2021 жылға арналған нақтыланған әлеуметтік-экономикалық даму болжамды жария еткен ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев айтты, деп хабарлайды қазАқпарат тілшісі.

«Макрокөрсеткіштердің болжамы ел экономикасының өсуі бойынша жедел деректерді, әлемдік экономика мен нарықтағы оң үрдістерді ескере отырып, нақтыланды. Мәселен, жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны қаңтар айындағы минус 4,5 пайыздан бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша минус 1,6 пайызға дейін жақсарды. Жыл басынан бері мұнайдың орташа бағасы барреліне 61 долларды құрады. Бұл ретте мұнай бағасы бойынша Дүниежүзілік қаржы ұйымының болжамдары 44 пен 67 доллар аралығында болып отыр. Осыған байланысты, макрокөрсеткіштерді нақтылау кезінде мұнайдың орташа жылдық бағасы барреліне 50 доллар деңгейінде айқындалды»,- деді ол.

Министрдің атап өтуінше, Дүниежүзілік банк вакциналау жүргізудің тиімділігіне байланысты әлемдік экономиканың өсуін 1,6-дан 5 пайызға дейін болжап отыр.

«Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, ел экономикасының өсу болжамы 2,8-ден 3,1 пайызға дейін жақсарды. Бұл ретте номиналды жалпы ішкі өнім 77,8 трлн теңге көлемінде бағалануда. Сыртқы сұранысты қалпына келтіру аясында металлургиядағы өндірістің неғұрлым белсенді өсуі есебінен өңдеуші өнеркәсіптегі болжамды көрсеткіштер 4,1-ден 5,2 пайызға дейін жақсарды. Құрылыста жоспарланған 17 млн шаршы метр тұрғын үйдің пайдалануға беруіне байланысты болжам 2,5-тен 5 пайызға дейін жақсарды», - деді министр.

Оның атап өтуінше, ақпарат пен байланыста IT қызметтерге сұраныстың өсуі нәтижесінде болжам 3,8-ден 6,5 пайызға дейін ұлғайды.

«Ұлттық банктің болжамы бойынша экспорт 10,8 млрд долларға яғни 52,2 млрд долларға дейін ұлғаяды. Импорт 37,1 млрд долларды құрайды. Инфляция бұрын бекітілген 4,0-6,0 пайыз дәлізде сақталды», - деді Әсет Ерғалиев.


Соңғы жаңалықтар