Әсел Баймұқанова: Президенттің экология саласындағы бастамасы қазір аса маңызды

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бес жылдан бері Каспийдің итбалығы тақырыбын зерттеп жүрген эколог Әсел Баймұқанова Президенттің балаларға мектеп жасынан бастап, экологиялық білім берудің маңыздылығын ерекше атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Президенттің бүгінгі айтқан бастамалары өте маңызды деп есептеймін. Бүгін де Қазақстанда шын мәнінде, мектептен бастап, экологиялық білім беру қажет. Ақтаудағы итбалықтарды таспен, таяқпен ұрып жатқан соңғы бейнекөрініске қарағанда, бізде адамның жануарлар дүниесімен үйлесімділігі қалыптаспағаны анық. Адамдар егер жолында жабайы аң кездесе қалса, не істеу керектігін білмейді. Сондықтан, мектептерде экологиялық білім беру пәнін енгізу қажет», - дейді Әсел Баймұқанова Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларына қолдау білдіре отырып.

Экологтың айтуынша азаматтарға өңірлердегі Қызыл кітапқа енгізілген жануарлар туралы айтып, түсіндіру қажет. Көп адам өзі өмір сүріп жатқан өңірде қорғаудағы жануарлар мекендейтінін білмейді. Оларды қорғау керек екенін, өшпенділікпен қарамау керектігін аңғармайды.

«Егер бала кезден табиғатты аялауға үйретсе, қазірде ондай проблема туындамас еді. Сондықтан Президент айтқан бастама әбден пісіп-жетілген әрі Қазақстанға керек бастама. Менің ауаның тазалығы, қоқыстарға қатысты да айтарым бар. Мәселен, бізде Каспийдегі балық аулайтын торлар мен теңіздегі қоқыстар туралы жоба болды. Бұл мәселені де мектеп оқушыларымен кеңінен талқылау қажет. Каспий жағасынан 20 күн ішінде біз 20 тонна қоқыс жинадық. Бұл Маңғыстау облысындағы Баутино, Форт-Шевченко және Генерал саяжайы маңында болған көріністер. Жағалау қоқыстан аяқ алып жүргісіз. Демалуға келген адамдар тағы тастайды. Біз 3 тонна балық аулайтын торларды да жинадық. Осы бетпен кете берсе, қоқыстан бас көтере алмай қаларымыз анық!» - дейді эко-белсенді.

Әсел Баймұқанов бұдан басқа Каспийден қоқыстың арасынан микропластиктерді де тапқанын айтады. Пластик ыдырамайтын болғандықтан, бұл да экология үшін үлкен проблема.

«Судағы микропластикті балықтар жеп, олар кейін біздің ағзамызға түседі. Экологиялық тәрбие балалардың қоқыстардың қоршаған ортаны ластау арқылы біздің өзімізге зиян тигізетінін түсінулеріне көмектесер еді. Президенттің осындай бастамасынан кейін экология мәселесі жандана түседі, проблемаларды шешу мақсатында осы бағыттағы ғылым да қаржыландырылады деген үміттенемін», - деді ол.

Әсел бес жылдан бері Каспий итбалығының жағдайы туралы тақырыпты терең зерттеп жүр. Оның магистрлік диссертациясы Каспий теңізінің қазақстандық бөлігіндегі жатақтарын құру кезіндегі итбалықтардың мінез-құлқының экологиялық сипаттамасы (Pusa caspica) тақырыбына арналған. Ол сонымен қатар, «Теңіздің экожүйесін сақтау» қозғалысының көшбасшысы әрі ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің атынан Қазақстандағы эко-амбассадор. 9 ғылыми жарияланым иесі, түрлі экологиялық мектеп, семинар, конференциялардың бірнеше мәрте спикері және қатысушысы. Оның әкесі де көп жылын Қазақстандағы табиғатты зерттеу және сақтауға арнап келеді. Мамандығы ихтиолог, зоолог, биология ғылымдарының кандидаты. Әселдің әпкесі де гидробиолог.

Еске сала кетсек 10 шілдеде өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев итбалықтарды таяқпен, таспен ұрып жүрген видеоны көргенін айтқан болатын. Президент осыған орай Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовқа балаларды қоршаған ортаны қорғауға тәрбиелеу ісіне баса мән беруді тапсырды. Сондай-ақ Президент мектеп бағдарламасына «Балалардың экологиялық білімі» атты жаңа пән енгізуді тапсырды.


Соңғы жаңалықтар