Асан Омаров: Абай – рухани реформатор

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақтың ойшыл тұлғасы, біртуар перзенті Абай Құнанбайұлын сан қырынан зерттеген ғалымдар аз емес. Әрқайсысы барынша ашып көрсетуге, талдап беруге ұмтылады. Сайып келгенде, бәрінің көздейтіні Абайдың тереңдігін және ұрпаққа сілтейтін бағыттарын айқындап, жеткізу. Зерттеуші Асан Омаровпен әңгімелесіп, Абайдың ғылым мен білімге қатысты философиясының тағы бір ақиқатына көз жүгіртуге тырысқан едік.

Абай адам болуды білуі үшін балаға қандай ғылым-білімді үйрету керектігін нұсқайды және нені негізге алады?

Хакім Абай «адам ұғылының мінездерін» түбірінен зерттеп-зерделеген, сондай-ақ, оның «адамшылығының кәмәлат таппағы» неден екендігін анықтап берген хас ғұлама. Қарапайым тілмен айтқанда, жүрекке имандылық дәнін еккен диқаншы бабамыз. Сенсеңіз, осы ақиқатқа күмәнділер көп қазір. Советтік кезеңде Абай әдебиет шеңберінде құрсалды, соңғы ондаған жылдар қазақ ғылымы өшіп-сөнудің аз-ақ алдында тұр. Сондықтан Абай дана, Абай дара дегенге: «Абай философияны біліп пе еді? Несімен кемеңгер? Асыра мақтап, идолды қолдан жасадық» десіп тіресе кететіндер көптігі заңдылық.

Абайдың философиясы даналық көмбесі, әсіресе, «Тасдиқ» (қазіргіше 38-ші қарасөз) атты еңбегі алтын сандық. Ондағы тереңдік пен рухани-интеллектуальдық күшке ғажаптанасың. Ол аспандағы темірқазық жұлдызы сияқты күллі адамзат өркениеті дамуына адастырмас бағдаршам! Оның дәлеліне төменде Абайдың бір ғана тезисін талдап, талқыға салып көрейік. «Тасдиқ»-тың біссіміләсін Абай махаббат ұғымынан бастаған, онан соң: «Қашан бір бала ғылым-білімді махаббатпен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады « дейді. Көрдіңіз бе, Абайша адам болу шарты – ғылым-білімге сүйіспеншілік. Себебі, білмекке құмарлық таза жан қасиеті. Екіншіден, «Ғылым – Алланың бір сипаты, ол – хақиқат». Ғылымның иісі де жоқ ел ешқашанда дами алмақ емес. Абайдың ғылымды махаббатпен көксеу – адамдықтың тұма бастауы деуінің бір астары осы арада.

Сонымен, адам болуды білуі үшін балаға қандай ғылым-білімді үйрету керек? Әлемдік педагогика тірелген түйінді Абай былайша тарқатып береді: «Сонан соң ғана Алла тағаланы танымақтық, өзін танымақтық, дүниені танымақтық, өз адамдығын бұзбай ғана жәліб мәнфағат дәфғы мұзарратларны (пайдалыны алу, залалдыдан қашу) айырмақлық секілді ғылым-білімді үйренсе, білер деп үміт қылмаққа болады». Керемет!

Данышпан ұстаздар әлімсақтан басын қатырған мәселенің түйіні шешіліп жатса, онан асқан даналық жарығы бола ма? Сондықтан бір ауыз тезисті талқыға салып, ол туралы ойымызды ортаға салғанды жөн санадық.

Көріп отырмыз, Абай барша ғылым-білім атаулыны төрт арнаға жіктеп, классификациялаған:

1. Алла тағаланы танымақтық.

2. Өзін танымақтық.

3. Дүниені танымақтық.

4. Пайдалы мен залалдыны айырмақлық (іс-әрекет).

Төрттағанды жүйені дұрыс талдау маңызды. Жаратушыны тану керек, неге, онсыз пенденің жүрегі жылы, көңілі ашық бола алмайды. «Өзін тану» ше? Бұл ілім адамның өзін рухани болмыс, яғни жан деп білуі үшін керек. Онсыз ақылы нұрлы бола алмайды. Ал, «дүниені танымақтық» аясына күллі табиғат, яғни Ай үсті (ғарыш, жұлдыздар әлемі) және Ай асты жаратылыс түгел кіреді. Дүниеауи ғылымдар тіршілік локомотиві екені айтпасақ та аян.

Сөйтіп, аталған үш танымақтықта рухани және заттық әлемдер тұтас қамтылған. Балаға он сегіз мың ғалам үйлесімін үйрететін, болмыс бірлігін білдіретін ғылым-білімнің үш саласы осылар.

Әл-Фараби: «Әрекетшіл интеллект алдымен барлықтың ең күрделісін танып-біледі» дейді (Философские трактаты. – Алматы, 1970. – 37-бет). Болмысты танып-білудің реттілігі – күрделіден қарапайымға қарай екен. Міне, Абай қолданған тәсіл де осы («Тасдиқ» трактатының мазмұны оған сайма-сай екенін ескерте отырайық). Ғылыми лексикада бұлайша (жоғарыдан төмен) ойлау тәсілі «дедукция» деген атқа ие.

Енді төрт сатылы жүйеге қайта оралайық. Үш танымақтықтан соң нені үйрету керек? Абай: «Пайдалы мен залалдыны айырмақлық секілді ғылым-білімді үйренсе» дейді. Негізі, «айырмақлық» күрделі мәселе, мұны қазақтың дертіне, надандық хәліне Абайдың: «Жақсы менен жаманды айырмадың» («Қалың елім, қазағым...») деп диагноз қойғанынан-ақ аңғаруға болады.

Сөйтіп, тереңіне үңілсек, жақсы менен жаманды айырудың тетігі – іс-әрекет, Абай термині бойынша, қам-қаракет деген байлам туады. «Не ексең, соны орасың» демекші, іс-әрекетің жақсы болса, пайда аласың, егер жаман болса, залалға тап боласың. Дұрыс пен бұрысты, обал менен сауапты айыру да тек адамның ісінен білінбек. Осыған шекті Абайдың «пайдалы мен залалдыны айырмақлық» дегенін тек адамдық тәрбие (этика) деп түсініп, оны өмір сүру тәртібі шеңберінде қарастырып келдік. Бұл жеткіліксіз. Оның түбірі (генезисі) іс-әрекет деп білсек қана Абай өсиеті дұрыс ұғылмақ.

Философиялық маңызды проблема бұл. Түсініктемелейік.

Әйгілі үшкіл (триада) – Алла тағала, адам және табиғат. Әуелгісі – Хақ (мәңгілік), яғни жан әлемі, үшіншісі – халқ (жаралыс), яғни заттық әлем. Бұл екеуін біріктіруші «көпір» – адам болмысы. Адам баласы Жаратушымен һәм жаралыспен қарым-қатынаста. Жә, оны қалайша, қайтіп жасайды? Тек іс-әрекеті арқылы. Демек, қаракет қылу – тұрақты субстанция. Ал этика (екінші аты – мораль) тұрақты емес, ол замана ағымына бейімделіп отыратын өзгермелі, ғылым тілімен айтсақ, акциденциялық қасиетке ие категория.

«Дәлелің қайсы?» дерсіз. Суфизмнің классигі имам Ғазали өзінің басты шығармасы – «Ихйа» атты трактатында айтқан: «…Знание о потустороннем делится на Науку поведения и Науку откровения. Под последней я подразумеваю то, что требует только открытия знания, а под второй – Наукой поведения – то, что требует также и действия» (Ихйа илм ад-дин. Орысшаға аударған В.Наумкин. – М., 1980, – 275-бет).

Келесі мысал, әл-Фарабидің қиялындағы қайырымды қала тұрғындары, зейін қойып оқысақ, ізгі іс-әрекетке ұмтылушылар. Қала басшысы, мейлі, қаланың қарапайым тұрғындары дейік, бәрі де әрекетшіл интеллект иелері.

Абайдың өзіне жүгінейік. «Өзің үшін иман келтірсең, жә инандың, – дейді ойшыл. – Ол инанмақтығың құр ғана инанмақтықпен қалса, саған пайда бермейді. Оның үшін сен өзің инанмақтығыңнан пайда ала алмадың. Пайда аламын десең, пайда береді, кәміл иман болады». Бақсақ, иманды бекіту де тек іс-әрекетпен. Онсыз кәміл иман да, өзге ізгіліктер де жоқ. Сол сияқты Абай: «Ғұмыр өзі – хақиқат» дейді. Неге? Себебі, қаракетшіл адам бар, қаракетсіз адам жоқ, яки тірі өлік. Әйгілі үш қасиеттің бірі – «ыстық қайрат» деп аталуы да осымен өз түсінігін табады.

Сөйтіп, тексеріс нәтижесінде «пайдалыны алу, залалдыдан қашу» деген Абай сөзінің мәнісі – іс-әрекет екендігі анықталып отыр. Абайдың көргісі келгені – қоғамға пайдасы тиетін қарекетшіл ұрпақ. Пайдалы қарекет (арабша – «ғамалус-салих») ұғымына Абай: «Я дүниеңнен, я ақылыңнан, я малыңнан ...біреулерге жақсылық тигізбек мақсатың болсын» деп анықтама береді. Міне, үш «танымақтықты» ойшылдың ізгі іс-әрекетпен толықтыруы және «өз адамдығын бұзбай ғана» деп ескертуі осымен өз түсінігін табады.

Баланың ғылым-білім үйренуі көркем мінез қалыптасуымен жұптасуы шарт. Абай тезисі екеуінің бірге өрілуінің, олардың тұтасқан синтезінің куәсі. Осы айтылғандар трактат кіріспесін түсінуге жеткілікті сияқты.

Сонымен, Абай ұсынған жүйеде «Адам бол!» идеясын іске асырудың теориялық негізі қаланған. Оның «Абай – рухани реформатор» деуімізге мызғымас арқатіректің бірі екендігі де шүбәсіз. Бірақ әзірге түйе үстінен от көсеген хәлдеміз. Абай ұсынған кемел жүйеге сәйкес қаракет қылдық деп мақтана алмаймыз. Бөтеннің қаңсығына құр еліктеп, реформа жасаудан көз ашпай келеміз.

Абайды таныту арқылы қазіргі қоғамның дәстүрлі ұлттық санасына серпіліс бере аламыз ба және қай қырынан түсіндірген дұрыс деп есептейсіз?

Күңкіл көп, «Абай асыра мадақталды, қолдан кемеңгер жасадық» дейтін. Оған тосқауыл тек ғылыми ізденістер ғана. Сондықтан Аристотель мен әл-Фарабидің ғылым-білімді жүйеге салған тәжірибелерін екшеп, зерделеуге мәжбүрміз. Компаративті ( салыстырмалы ) тәсілді қолданайық.

Аристотель ғылым-білімді үш үлкен топқа бөліп жіктеген: теориялық, практикалық һәм шығармашылық деп. Бірінші топ – философия, математика және физика, екінші топ – этика (мораль) мен саясат, ал, үшінші топ – өнер, кәсіп және қолданбалы ғылымдар деп көрсетіпті. Философия, фалсафа десек те болады, өзгеден жоғары. Неге? Оған Аристотель «ол – барлық ғылымның басы» деп түсінік береді. Философия – ақыл-ой мен парасат ілімі, өзгесі «исследуют не вечные, а вещь в отношении к чему-то и в настоящее время» (Аристотель. Метафизика. – М., Мысль, 1976, т. 1. – 68-бет).

Қорыта келгенде, көне грек ғұламасы былай деп түйін түйеді: «Таким образом все другие науки более необходимы, нежели она, но – лучше нет ни одной» (Сонда, 95-бет). Өзгелер қажеттірек десек те, философиядан құнды бола алмайтыны қалай? Өйткені, ол түпкі хақиқатты (Жаратушы мен жан әлемін) танытушы ілім.

Аристотель тұжыруынша, әлемнің пайда болуының да, қозғалыстың да ең алғашқы себебі бар, ол – Құдай (Первый Сущий). Яғни Рух, Сана алғашқы, яки жоғарғы, Материя, Болмыс кейінгі, яки төменгі.

«Аллатағаланы танымақтық» ілімін Абай да алдыға қойып отыр.

Ендігі ретте «шығыстың Аристотелі» атанған қыпшақ даласының тумасы әл-Фараби бабамыздың еңбегіне көз салайық. Ол өзінің «Ғылымды классификациялау туралы сөз» атты еңбегінде ғылымды бес түрге жіктеген екен: 1) тіл туралы ғылым; 2) логика (арабша-мантық); 3) математика; 4) физика және метафизика; 5) азаматтық ғылымдар және заң ілімдері.

Ғұлама аталған бес түрдің әрбіріне кіретін ғылым тармақтарын тарқатып айтқан. Мысалы, математика ғылымы аясына арифметика, геометрия, оптика, астрономия, музыка, ауырлық және тиімді тәсілдер туралы делінген жеті саланы топтап әрқайсысына талдау жасаған. Сөйтіп, әл-Фараби жүйесі ғылымның сол заманғы салалары түгел қамтылуымен ерекшеленеді.

«Социально-этические трактаты» атты еңбегінде екінші ұстаз аталған ғұлама: «Адамды адам қылған ес-ақылы (санасы)» – деп кесіп айтқан (Аталған еңбек. – А., 1973, – 37-бет). Абай: «Жанды хайуандардан ақылды инсанды (адамды) жаратыпты», «Ақыл – мағлұмдүр, ғылымның бір аты екендігі» және «Ақылмен білмей – иман жоқ» деп бұл танымды толықтыра түседі. Бірақ, ақыл зерек сәулелі болсын: «Ақылға сәуле қонбаса, Қайуанша жүріп күнелтпек».

Ақыл қуатымен адамның әлемді тану мүмкіндігі шексіздігін мойындау – қос данышпанға ортақ. Бұл танымды сенімнен (діннен деп ұғыңыз) жоғары қойғандық белгісі. Басқаша айтқанда, ғылыммен тапқан якини иман ұстазға еріп қылған тақлиди иманнан биік.

Дінге әл-Фарабидің берген анықтамасы қызық: «Религия есть народное мировоззрение, популярная, упрощенная и общедоступная философия». Ал, Құдайды ақылмен танудың мәнісі өзгерек: «Божественная наука»... входит в группу теоретических наук и базируется на доводах разума, идет «путем доказательств» (Избранные трактаты. – А., Ғылым, 1994. – 64-бет).

Бұл ретте Абайдың: «Біз Жаратушы емес, жаратқан көлеңкесіне қарай білетұғын пендеміз. ...Біз жанымыздан ғылым шығара алмаймыз, жаралып, жасалып қойған нәрселерді сезбекпіз, көзбен көріп, ақылмен біліп алатын пендеміз» (45-сөз) деген танымын еске алсақ орынды.

Сонымен, үш ғылымдық жүйеге (авторы – Аристотель, Фараби және Абай) жасалған шағын шолудан шығар қорытынды: Құдайды тану ілімінің орны төрде. Ілкіде оны дедукциялық ойлау методы дегенбіз, өкінішке қарай, осы заманғы ғылыми прогресс сүйенген метод – индукциялық ойлау (болмысты төменнен жоғары қарай зерттеу), соған басымдық берілгенін мойындауға тура келеді. «Сананы тұрмыс билейді» деген қағиданың күш алуы, өміршең болуы осымен де өз түсінігін табады.

Жаратушы Иені тану ілімінің орны неліктен төрде деген сауалға Абай «Тасдиқ» трактатында нақтылы жауап береді. Бұл еңбекте Алла тағаланың сүбутия сипаттары арасында өзгелеріне «харекет беретұғын» – ғылым мен құдірет екендігі алғаш рет ғылыми негізде анықталған. Алланың сегіз сипатынан: «Пендесінде де әрбірінен өз хәлінше бар қылып жаратыпты» дейді Абай. Солардың ішіндегі бастысы – ғылым, яғни адамға Құдайдың ерекше ақыл дарытқандығы. Екіншіден, көркем есімдері бойынша Жаратушы «рақымды, ғадаләтті» деген тұжырым жасай келе, құдайылық осы үш хәсләт (ғылым, рақым, ғадаләт) иесі болу адамның кемелдену, яғни толық адам болу шарты деп анықтау да – Абай жаңалығы. «Тасдиқ» – қазақ фалсафасының алтын сандығы һәм әлем ойының Эверест шыңы болмағы содан.

Трактат кіріспесіндегі ғылым-білімді үйрету жүйесіне қайтып оралайық. Жоғарыда бұл жүйе озық әрі мінсіз деп мысалдар алдық. Оны қайта түлету, тамырынан тірілту – Абай еншісі деуге толық негіз бар (мұны тиянақтап жеткізу өз алдына бөлек тақырып). Олай болса, төрткүл жүйені «Абайдың ғылым-білімді үйрету заңы» деп атап, Фараби бабамыз армандаған әрекетшіл интеллект тәрбиелеуді неге қолға алмасқа?

Бұл ретте ескертер жәйт, «Алла тағаланы танымақтық» дегенді оқу-ағарту жүйесіне теология, теософия немесе дінтану сияқты бір пәнді енгізу деп ұқсақ қатты жаңылысқа ұрынамыз. Біл бұл сұхбатта қоғамдық сананы сірескен атеистік көзқарас тоңынан арылтып, жас ұрпаққа «Құдайсыз қурай да сынбайды» деген дәстүрлі ұлттық сана, ұлттық тәрбие беру мәселесін қозғап отырмыз. Сонда ғана «Абай жолы» ұғымының ішін көріп, сәулесін сезінетін боламыз.

Абайдың толық адам дейтіні білім мен тәрбиені бойына қатар сіңірген ұрпақ болуы керек емес пе. Осыған қатысты Абайдың нақты қандай пайымдарын келтіруге болады?

Батыс әлемі «Адам – ең басты құндылық» деп жариялап, адамгершілік қағидаттар қатаң сақталуына қол жеткізді. Әйтсе де, «шіріген» ұғымынан арыла алмады. Себебі, Еуропа елдеріне Жаратушысыз ойлау жүйесі, яғни тек этика және мораль құндылықтары арқылы өмір сүру қалыбы тән.

Тек пайда табу, байлық иесі болуды мұрат тұтқан, яғни рух тәрбиесі әлсіз қоғамда Жаратушы заңына (мейірім мен әділетке) жол жабық. Бұл жағдайда адамзат қайтіп бір бауыр болмақ, азғындық, қатігездік азаймақ?

Реті келген соң айтайық, тәрбиесіз білім алудың бір мысалы «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелден білім алған жас мамандар сияқты. Отандық оқу орындары сол батыстық үлгіге жалтақтаған көшірме есепті. Құдайшылық та, ұлттық тәрбиенің де иісі жоқ. Абай «Қашық бол!» деп үндеген залалды қаракеттер арамшөптей қаулап отырғаны сол. Өзіңіз де ойлаңыз, неге дін феномен, себебі, адам Аллаға мұқтаж, Жаратушы Иені танып-білу парызы.

Осы тұрғыдан білім берудің өзіндік ұлттық үлгісін қалыптастыру өзекті мәселеміз. Сондай-ақ, гуманитарлық ғылымдар саласын жаңғыртуға, оларды түгелдей жаңа рельске салуға асығайық.

Бұл ретте мемлекет басшысы Қ.Тоқаев: «Ең алдымен, білім игеру. Біз бүкіл әлемді ақыл-ой мен парасатты пайым арқылы ғана мойындата аламыз. Заман талабына сай білім алу интеллектуальды ұлт қалыптастыруға жол ашады. Екінші, тәрбие мәселесі. Ақынның «Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге» деген өсиетін әрдайым санаға сіңіру қажет», – деп күрделі кезең тамырын тап басып, оқу-ағарту жүйемізге дұрыс бағыт берді.

Демек, ұлттың ғылым-білімі дамуы ең жанды мәселе! Сол ғылым-білім тәрбие берумен ұштасқанда адамдық қасиеттер толысып, жетілуге мүмкіндік алмақ. Ұлы Абайдың толық адам, үш сүю ілімдеріне мән беру қажеттігі міне осыдан туады. «Абай – рухани реформатор» деп жар салуымыз да сонда шындыққа айналмақ.

Қорыта айтсам,Абай даналық ой-танымдары – өмір сүрудің Ережесі. Оларды зерттеп-зерделеу, ғылыми талдау қажеттілік. Бірақ, ең маңыздысы – өмірде, тәжірибе жүзінде қолдану. Халқымыз рухани түлесін, әр қазақ адам деген атқа лайық болсын! Сол үшін Абай жолына түсейік, қысқа ғұмырды мейірім, әділетпенен сүрейік, ағайын, әйтпесе жоқ.

Әңгімелескен Әлімхан Қанатұлы


Соңғы жаңалықтар