Арысты қалпына келтіру: 100 жылдан астам тарихы бар теміржол вокзалы қалай жөнделіп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 20 тамызға дейін Арыс қаласындағы 64 әлеуметтік нысанды жөндеу жұмыстары аяқталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Арман Жетпісбай мәлімдеді.

«2019 жылдың 10 шілдесінде бекітілген ҚР Үкіметінің қаулысымен «Самұрық-Қазына» қоры Арыстағы жарылыстан зақым келген әлеуметтік нысандарды қалпына келтіруді қаржыландырды. Барлық жұмыстар шілде айында басталды. Жалпы саны 68 нысанды қалпына келтіру жоспарланған. Оның ішінде 16 мектеп, 1 колледж, 36 балабақша, 8 денсаулық сақтау нысаны және 4 спорттық нысан бар және Арыс теміржол вокзалын, Батырлар аллеясы мен Орталық алаңды қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр», - деді Арман Жетпісбай «Самұрық-Қазына» ғимаратында өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен бірге, жөндеу жұмыстары жүріп жатқан нысандар арасында жергілікті маңызы бар тарихи ғимарат бар.

«Арыс темір жол вокзалы – қаланың көрнекі орындарының бірі. Ол 1904 жылы бойы көтерген және тарихи тұрғыда аса маңызды нысан болып саналады. 2010 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің қаулысымен вокзал жергілікті маңызы бар ескерткіштер тізіміне енген. Ондағы жөндеу жұмыстары 24 тамызға дейін аяқталуы тиіс. Мердігер компания осындай нысандарда жөндеу жүргізуге рұқсаты бар компаниямен бірлесіп жұмыс істеуде. Ғимараттың сәулеттік келбеті мен конструктивтілігі бұрынғыдай сақталады», - деп түсіндірді Арман Жетпісбай.

Аталған нысандардың 64-і қайта жөндеуден өтеді және 4-еуі сүріліп, қайта салынады.

«Жедел медициналық жәрдем бөлімі, стоматология бөлімі, балалар мен жасөспірімдердің спорттық мектебі мен «Бекзада» балабақшасының ғимараттары жаңадан салынады. Бұл 4 ғимарат қыркүйек-қазан айларында пайдалануға беріледі. Осы жұмыстардың барлығына «Самұрық-Қазына» қоры 7 млрд теңге бөлді. Премьер-Министр Асқар Маминнің тапсырмасына сәйкес, барлық жөндеу жұмыстары 20 тамызға дейін, яғни жаңа оқу жылына дейін аяқталуы тиіс. Үкімет басшысы апта сайын Арыс қаласына барады, біз оған атқарылған жұмыс бойынша есеп береміз. Әзірге, 56 нысанды жөндеу жұмыстары толық аяқталды, 8 нысан 20 тамызға дейін қолданысқа беріледі», - деді А. Жетпісбай.

Оның айтуынша, қолданылған құрылыс материалдары барлық нормалар мен талаптарға сай, сапа сертификаттарына ие. Барлық 16 мектеп жиһаз, парта, шкаф, тақта сынды қажетті жабдықтармен қамтылады.

Еске сала кетсек, 24 маусым күні таңертең Арыс қаласындағы әскери бөлімнің қоймасында жарылыс болған еді. Ондағы үй-жайлар мен ғимараттардың 80-90 пайызына түрлі деңгейде зақым келді.


Соңғы жаңалықтар