Арыстанбек Мұхамедиұлы ісіне министр пікір білдірді

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлының сыбайлас жемқорлық ісі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Арыстанбек Мұхамедиұлы бойынша тергеу мен сот өз үкімін шығарады деп ойлаймын», - деп жауап берді Д. Абаев Үкімет үйінде тілшілер сұрағына.

Журналистер Арыстанбек Мұхамедиұлынан бөлек, бірнеше адамның күдікке ілінгенін айтып, егер олардың кінәсі расталса, министр отставкаға кетуге дайын ба деп сұрады.

«Егер бұл жымқырулар мен басшылық еткен жылдары болса, онда мен отставкаға кетуге дайынмын. Қашан болғанын сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінен сұраған жөн», - деп жауап берді Дәурен Абаев.

Айта кетейік, Арыстанбек Мұхамедиұлы қазір қамауда отыр. Ол ірі көлемде қаражат жымқырды деп айыпталуда.

«Нұр-Cұлтан қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрмесін өткізу жөніндегі мемлекеттік сатып алу туралы шарт аясында Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің лауазымды адамдарына және басқа да тұлғаларға бюджет қаражатын жымқыру белгілері бойынша 146 миллион теңге сомасында сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізеді», деп жазды ведомство.

Ақпарат көзі 2022 жылғы 28 мамырда соттың санкциясымен Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты күзетпен ұстау шарасы таңдалғанын мәлімдеді.



Соңғы жаңалықтар