Арыстанбек Мұхамедиұлы белгілі тұлғалардың аналары туралы кітап шығарды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, өнертану докторы, профессор Арыстанбек Мұхамедиұлы «Великие матери выдающихся личностей» атты кітабын таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кітап адамзат тарихындағы әлемдік оқиғалар мен миллиондаған адамдардың тағдырына әсер еткен ұлы, көрнекті тұлғаларды тәрбиелеп өсірген аналардың өмірлік тарихына негізделген.

Жинақта ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың анасы Әлжан Назарбаева, РФ президенті Владимир Путиннің анасы Мария Путина, америкалық өнертапқыш Томас Эдисонның анасы Нэнси Элиот, Сингапурдың бірінші премьер-министрі болған Ли Куан Ю-дің анасы Чуа Джим Нео, Түркияның тұңғыш президенті болған Кемал Ататүріктің анасы Зубейде ханым және өзге де тарихи тұлғалардың аналары қамтылған.

«Жұмақтың кілті – ананың табанының астында» деген керемет сөз бар. Сол ой тұрғысында «Кемеңгер тұлғалардың ұлы аналары» деген кітаптың тұсаукесері өтіп жатыр. Әрине, бұл кітап ең алдымен аналарға арналған. Кітапта елімізге белгілі тұлғалардан, мемлекеттік қайраткерлерден басқа, спорт пен ғылым және басқа да салалардағы қайраткерлердің өмірі алынған. Бірақ мұндағы негізгі мақсат – сол тұлғалардың өмірбаяны емес, аналарының өз баласының табысқа жетуге сіңірген еңбегін көрсету. Сондықтан, бәрімізге ыстық болатын, жүрегімізге ерекше сезім беретін кітап болады деп үміттенемін», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен кітап тұсаукесерінде.

Сонымен бірге, салтанатты шараға ҚР Парламенті Сенатының депутаты, қоғам қайраткері Нұртөре Жүсіп пен Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, «Qazaq TV» телеарнасының директоры Майя Бекбаева қатысты.

«Кітапты қолға алған сәтте бір деммен оқып шықтым, түрлі қызықты фактілерді көрдім. Онда ҚР Тұңғыш Презилденті Нұрсұлтан Назарбаевтың анасы Әлжан ана туралы әдемі толғаулар, жан тебірентерлік әдемі детальдар бар. Райымбек батырдың басына барып, тәңірден сұрап алған перзенттің Қазақстанды төрткүл әлемге танытуда сіңірген еңбегі аналық махаббатпен өрнектеп жазылған. Сонымен бірге, Ресей президенті Владимир Владимировичтің анасы, көрнекті ғалым Дмитрий Менделеев, жарықты ойлап тапқан Томас Эдисонның аналарының қандай қолдау көрсеткенін жазады. Сол секілді футбол тарланы Пеле, бокс жұлдызы Мұхаммед Әли, суретші Пабло Пикассо, одан бөлек Джордж Вашингтон, Шарль де Голль сынды әр санаттағы тарихи тұлғалардың аналары туралы жылы материалдар жинақталған.

Олардың барлығын байланыстырып тұрған нәрсе – ананың өз перзентіне үлкен сенім артуы, кітап адамның тұлға боп қалыптасуына ана махаббаты мен мейірімінің қаншалықты керек екенін көрсетеді. Мына әлем кейде қатігез боп бара жатса, ол аналық махаббаттың жетіспеуінен шығар деп ойлаймын. Сондықтан, кітапты оқып шыққан әр адамның өз анасына, жалпы аналарға құрметі арта түседі деп ойлаймын», - дейді Нұртөре Жүсіп.

Кітап Алматы қаласындағы «Қазақ энциклопедиясы» баспасынан 2000 данамен шығарылған және жуырда қалың оқырманға жол тартады.


Соңғы жаңалықтар