Арыстағы жарылыс: 16 әскери күдікті ретінде сотта жауап беруде

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкентте Арыста болған жарылысқа қатысты сот отырысы өтуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шымкент гарнизоны әскери сотында 16 айыпталушының қылмыстық ісі қаралуда. Аталған соттың мәліметінше, қылмыстық іс 448 томға жинақталған. Ашық түрде өтетін сот отырысында айыпталушы ретінде танылғандардың барлығы жарылысқа дейін әскери қызметте болғандар. Оларды 25 адвокат қорғайтын болады.

Айыпталушылардың арасында еліміздің Қорғаныс министрлігінің бұрынғы бірқатар лауазым иелері мен Арыстағы №44859 әскери бөлімінің басшылық құрамы және қатардағы қызметшілері бар. Ал жарылыстан жәбірленушілердің саны 1500-ге жуықтайды.

Бір жылға жуық уақытқа созылған тергеу барысының қортындысымен аталған әскери бөлімнің командирі мен оның орынбасары - Артиллериялық оқ-дәрілерді сақтау базасының бастығы қамауға алынып, оларға Қылмыстық кодекстің 462-бабының 3-бөлігі (жарылғыш заттармен жұмыс істеу ережелерін бұзу) және 453-бабының 2-бөлігі (ауыр зардаптарға әкеп соққан салғырттық) баптарымен айыпталуда.

Өзге айыпталушылардың ісі әскери қызметіне салғырттық таныту, оқ-дәрі пайдалану мен оны қолданудағы талаптарды сақтамау, қаруды, сондай-ақ айналасындағыларға қауіп төндіретін заттар мен заттарды ұстау ережелерін бұзу, сеніп тапсырылған мүлікті талан-таражға салу сияқты бірнеше баптар бойынша қаралуда.

Еске сала кетсек, Арыс қаласындағы әскери бөлімнің қоймасында 2019 жылы 24 маусым күні таңертең жарылыс болды. Салдарынан үш адам қаза тапты - Арыс тұрғыны мен екі әскери қызметші. 170-ке жуық адам зардап шекті. 20-ға жуық үй, 9 қора-қопсы жанып, далалы аумақта 14 ошақ тұтанды. Үй-жайлар мен ғимараттардың 80-90 пайызына әртүрлі деңгейде зақым келді.


Соңғы жаңалықтар