Арыста жарылыстан соң жарамсыз күйде қалған 480 үй салынып, ел игілігіне берілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Арыстағы жарылыстан кейін зақым келген 7635 үйдің көбі жөнделіп, кейбірі қайта салынып, халықтың игілігіне берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Арыста жалпы 8626 үй бар. Жарылыс салдарынан 7635 үй зардап шеккен болатын. Оның ішінде 480 жарамсыз деп танылып, қайтадан салынып, пайдалануға берілді. Жөндеуді қажет ететін 7255 үйге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, халық игілігіне берілді», - деді ОКҚ-дағы баспасөз мәслихатына онлайн режимде қатысқан Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбек.

Оның айтуынша, меценат Болат Өтемұратовтың қоры қала тұрғындарына қоспәтерлі 50 үйдің құрылысын салып, 100 отбасы баспанамен қамтамасыз етілген.

«Төтенше жағдайдан зардап шеккен Арыс қаласы мен Ақдала, Дермене, Қожатоғай ауылдық округтеріне қарасты 8 елдімекенде тұратын 62 610 азаматқа 6 млрд 661 млн теңге өтемақы төленді. Арыс қаласы бойынша төтенше жағдайдан зардап шеккен кәсіпкерлік нысандардың саны — 467. Оның ішінде 404 нысанның иесіне «Менің Атамекенім» қоғамдық қоры арқылы 3 млрд 69 млн теңге көлемінде кәсіпкерлік нысандарын қалпына келтіру үшін өтемақы төленді. 63 кәсіпкерлік нысан иесіне қорда қаражаттың жетіспеуіне байланысты төлемді алдағы уақытта беруді жоспарлап отырмыз», - деді ол.

Сонымен қатар, Арыста жалпы 66 әлеуметтік нысан зардап шекті. Соның ішінде балабақша, мектеп пен спорт кешені бар. Жарылыстан кейін 4 нысан жаңадан салынған.

Еске сала кетсек, бұған дейін Асылбек Сатыбалдинов өңірден жарылу қаупі бар 330 мың оқ-дәрі әкетілгенін мәлім еткен еді.


Соңғы жаңалықтар