Арыста күніне 1,5 мың әскери қызметші әлі де жарылыс салдарын жоюмен айналысады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Арыста күн сайын мың жарым әскери қызметші оқ-дәрілердің бөліктерін іздеу, залалсыздандыру, тасымалдау, жою жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл туралы ҚР ҚК Тыл және қару-жарақ басқармасының бастығы Асылбек Сатыбалдинов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жарылыс қаупі бар фрагменттерді жою жұмыстарының басым бөлігі Арыс қаласынан 50 шақырым жердегі - Бастарма полигонында атқарылуда. Азаматтық ортаға оқ-дәрілердің ұрлығы арқылы еніп кетуін, түрлі-түсті металл сынығының сатылуын алдын алу мақсатында профилактикалық рейдтер тұрақты түрде ұйымдастырылады. Утилизация орнында жинақталған оқ-дәрілер тәулік бойы күзетіледі», - дейді Асылбек Сатыбалдинов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша азаматтық тұлғалардың жинақталған оқ-дәрілер орнына кіріп кету жағдайы да тіркелген.

«Тәртіпті қадағалау үшін ішкі істер органдарымен бірге тәулік бойы көшелерде патруль жүргізіледі. Сонымен бірге әскери қызметшілер құрылыс пен қалпына келтіру жұмысына белсене атсалысып, коронавирус инфекциясына қарсы дезинфекция жұмыстарын атқарды. Мобильді далалық емхананың дәрігерлері мыңға тарта азаматқа әртүрлі медициналық көмек көрсетті. Әскери ветеринарлар Ауыл шаруашылығы министрлігінің мамандарымен бірге 508 бас үй жануарын далаға көмді. 9 мың шаршы метр аумақтағы өлген малдың орындары дезинфекцияланды. Күн сайын мың жарым әскери қызметші оқ-дәрілердің бөліктерін іздеу, залалсыздандыру, тасымалдау, жою жұмыстарын жүргізуде», - деді ол.

Еске сала кетсек бұған дейін Асылбек Сатыбалдинов өңірден жарылу қаупі бар 330 мың оқ-дәрі әкетілгенін мәлім еткен еді.


Соңғы жаңалықтар