Арыс қаласында Тұңғыш Президент күніне орай заманауи спорт-сауықтыру кешені ашылды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – 1 желтоқсан – ҚР Тұңғыш Президенті күні мерекесіне орай Арыс қаласында жаңадан бой көтерген спорт кешенінің салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт-сауықтыру орталығының ашылу салтанатына «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ Басқарма төрағасы Арман Жетпісбаев пен Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбек қатысты.

Айта кетейік, спорт-сауықтыру кешенінің құрылысы тамыз айында басталған болатын. Онда жергілікті тұрғындардың күрес, ауыр атлетика, дзюдо, самбо, шахмат, баскетол, волейбол секілді спорт түрлерімен шұғылдануына бар мүмкіндік жасалған.

«Жекеменшік әріптестік шеңберінде бой көтерген заманауи жаңа спорт кешенінде бір мезгілде 120 спортшының жаттығуына барлық жағдай жасалған. Зәулім ғимаратта спорт сүйер азаматтар мен жас балалар, жалпы арыстықтар спортпен айналыса алады. Сонымен қатар бұл шаңырақта ел намысын қолдан бермейтін болашақ Олимпиада чемпиондары тәрбиеленеді деп сенеміз»,– деді құттықтау сөзінде «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ Басқарма төрағасы Арман Жетпісбаев.

Еске салайық, «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры қаладағы 68 нысанды қалпына келтіруге қол ұшын созып, 53 білім беру нысаны, 8 денсаулық сақтау, 4 спорт, 3 қоғамдық орын нысандарын толық жөндеуден өткізді. Сондай-ақ, Арыс қаласындағы темір жол вокзалы, «Батырлар Аллеясы» мен 1200 орындық орталық алаң толық қайта қалпына келтірілді. 16 мектеп жаңа жиһазбен қамтамасыз етілді. Спорт және ойын алаңқайлары жөндеуден өтті.

Жалпы, Түркістан облысында 64 спорт нысаны жұмыс істейді. Оның 4-і Арыс қаласында орналасқан. Биыл облыс бойынша 3 спорт кешені халық игілігіне пайдалануға берілсе, келесі жылы дәл осындай 11 нысанның құрылыс жобасы дайындалған.Бұқаралық спортты дамыту мақсатында жыл басынан бері 4 мыңға жуық іс-шаралар өткізіліп, оған 436 мыңнан астам адам қатысты. «2019 жыл – Жастар жылы» аясында ересектер арасында 9 спорт түрінен Спартакиада өтті. Облыс көлемінде 52 (26 олимпиадалық, 26 олимпиадалық емес) спорт түрлері дамытылуда.

Өңір спортшылары спорттың 52 түрі бойынша ҚР чемпионаттарына қатысып, 215 – алтын,174 – күміс, 237 – қола медаль жеңіп алды. Биыл 2 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 4 ҚР спорт шебері, 116 спорт шеберіне үміткер спортшылар дайындалды.

Соңғы жаңалықтар