Артур Платонов қазақстандық билік транзитінің ерекшелігіне қатысты пікір білдірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Парламент Мәжлісінің депутаты Артур Платонов елдегі «қос билік» қауесетіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қос билік деген не? Бұл жағдай бір адам елді бір жаққа, ал екіншісі басқа жаққа тартқан кезде орын алады. Егер де Қасым-Жомарт Кемелұлының сайлауалды ұранын еске алсақ, онда бірінші пункт сабақтастыққа қатысты. Біз саясатта барлық стратегиялық әрі әлеуметтік бағдарламаларда жүйелі мүлтіксіз бағытты көріп тұрмыз. Яғни, сыртқы және ішкі саясатқа, адамдар әл-ауқатының ары қарай өсіміне қатысты көзқараста толықтай ынтымақ мен бірлік қалыптасқан. Бұл өз кезегінде саясаттың негізі», - деді А. Платонов Парламент Мәжілісінде тілшілер сауалына жауап бере отырып.

Оның пайымынша, билік транзиті – ол кез келген мемлекет үшін мазасыз күй кештіретін сәт.

«Әлемде дәл осы сәтте күрделі әрі болжап айтуға болмайтын оқиғалар болып жатқанын көріп жүрмыз. Бұл тұрғыда қоғамның жікке бөлінуі мен қақтығыс жағдайының туындауы, сондай-ақ кей кездерде елдің тұтастығынан, тәуелсіздігінен айырылуы секілді қиын ахуал орын алады. Сондықтан да Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұсынған бейбіт әрі салмақты билік транзиті көбісі үшін үлгі боларлық құбылыс. Атап айтқанда, бүгінде осы модельді сарапшылар зерттеп жатыр. Кез келген мемлекет үшін жауапты және тарихи осы сәтте тиісті саясатты жүргізу маңызды. Мемлекеттегі бірлік пен ынтымақ, сондай-ақ ел халқының мүддесі үшін тәуелсіз саясаттың жүргізілуі кейбіреулеріне ұнамауы мүмкін», - деді депутат.
Соңғы жаңалықтар