Аршалы маңында 600 көліктен тұратын 4 шақырымдық кептеліс пайда болған
6 наурызда Аршалы ауданының Анар стансасына жақын жерде, «Алматы-Екатеринбург» автомагистралінде ауыр жүк көлігінің жүргізушісі қолайсыз ауа райына байланысты рульді басқара алмай, жолдың ортасын бөлген темірге соғылған.
«Жолды ұзын жүк көлігі жауып қалғандықтан Нұр-сұлтан қаласы бағытында шамамен 600 автокөліктен тұратын 4 шақырымдық кептеліс пайда болды.
Арнайы шараларды қолдана отырып, қабылданған шаралардың арқасында жолдың жүріс бөлігі ашылды. Кептелісте тұрған автокөлік, қауіпсіздік шаралары мен жылдамдық режимін сақтай отырып, Аршалы ауданының қызметкерлерімен Нұр-сұлтан қаласына дейін апатсыз жеткізілді», делінген Ақмола облыстық Полиция департаментінің Instagram-дағы парақшасында.
Полицейлер жолдарда мұқият болуды және ауа райы қолайсыз болған жағдайда елді мекендерден тыс жерге шықпауды сұрайды.
Еске сала кетсек, 6 наурызда Ақмола облысында қалың қарда жолда қалған 200-ден астам адам эвакуацияланған еді.