«Арселор Митталл», «Қазақмыс», «ҚТЖ» және «Эйр Астана» жұмысшыларын қысқартпайтын болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жұмысшыларды қысқартпау туралы ірі компаниялармен келіссөз жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы министрдің міндетін атқарушы Қайырбек Өскенбаев айтып берді.

«Халықты жұмыспен қамтуда біздің сала бойынша өңірге қарайтын 700 мыңдай адам жұмыс істейді. Үкімет тапсырмасымен «Арселор Миталл», «Қазцинк», «Қазақмыс» сынды ірі компаниялармен келісімшартқа отырдық, жұмыскерлер санын қысқартуға тыйым салынған. Мүмкін жарты күнге жіберетін шығар, бірақ ешкімді толық қысқартпайды», - деді Қ. Өскенбаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Оның айтуынша, жол саласында 200 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Берілген тапсырма бойынша, олар 100 пайыз қазақстандық өнімді пайдалануы тиіс және ешкім жұмыстан қысқармауы керек.

«Әсіресе дағдарыс көлік саласына ең көп ықпал етті. Әуе, теміржол, автокөлік барлығының қозғалысы тоқтап қалды. Бірақ біз «Қазақстан темір жолы», «Эйр Астана», «Скат» сынды компаниялармен келістік. Теміржол саласында - 125 мың адам, авиацияда - 20 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Мұнда да ешкім қысқартылмайды. Барлығы өз орнында қалады», - деді ведомство өкілі.

Министрлікке қарайтын тағы үлкен сала - құрылыста 600 мыңнан астам адам жұмыс істейді.

«Қазір Үкімет құрылыс мәселесіне көп көңіл бөліп отыр. Себебі, құрылыс - ең көп жұмысты қамтитын сала. Оған қосымша қаражат бөліп, қосымша жұмыс орындарын ашу мәселесін алға қойып отырмыз», - деді Қайырбек Өскенбаев.


Соңғы жаңалықтар