Армениядан әкелінген көліктер: Тіркеу құны мен қалай дұрыс сату жайында

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Маусым айынан бастап Армения Республикасынан Қазақстанға әкелінген көліктерді тіркеу басталады. Осыған орай Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов осы жайтқа қатысты ең негізгі сауалдарға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Басқару органдары сол жақта орналасқан, Армения Республикасының уәкілетті органдарында Қазақстан азаматтарына тіркелген және олар Қазақстанға 2020 жылғы 1 ақпанға дейін әкелген автомобильдер тіркеуге жатады (Қазақстан Республикасы Үкіметінің ағымдағы жылғы 20 мамырдағы№ 306 қаулысы). Қабылданған қаулы аясында (2020 жылғы 20 мамырдағы № 306), автомобильді тіркеу құны 11 946 теңгені құрайды. Оған 695 теңге (0,25 АЕК)– тіркеу үшін алым, 3 773 теңге (1,25 АЕК)–техпаспорт үшін баж, 7 778 теңге (2,8 АЕК)– мемнөмір үшін баж кіреді. Басқа төлемдер көзделмеген», - деді Серік Түсіпов.

Осы орайда ол Армениядан әкелінген көліктерге неліктен сары нөмір берілетіндігіні түсіндірді.

«Әкелінген автомобильдерді олардың меншік иелері Армения есебінен шығармағандықтан, Қазақстанда тіркеу кезінде оларға сары фондағы нөмірлер берілетін болады. Өйткені, олар - басқа мемлекетте тұрақты тіркеуде тұрған көлік құралдары. Бұл ретте, нөмірлер автомобильдің меншік иесінің нақты тұратын жері бойынша өңірдің кодымен («01» өңірден бастап «17» дейін) берілетін болады», - деді ол.

Сонымен қатар, ҚР ІІМ өкілі неліктен «оң жақ рульді» және қайта жабдықталған автомобильдерді тіркеуге болмайтындығын түсіндірді.

«Оң жақ рульді» автомашиналарды тіркеу көзделмейді, өйткені 2009 жылдан бастап оған тыйым салынған. Тыйым салу «Жол жүрісі туралы» Заңда және «Дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» Кеден одағының Техникалық регламентінде белгіленген нөмірі «Оң жақ рульді» автомобильдер бастапқыда сол жақты қозғалысы бар елдерде - Жапония, Ұлыбритания және т.б. пайдалану үшін конструктивті түрде жасалған. Аталған автомобильдерді оң жақты қозғалысы бар жолдарда айдау кезінде, жүргізушілердің көру бұрышы шектеулі болғандықтан басып озу, солға бұрылу және т.б. маневрлер қауіпсіз жасауды қиындатады. Басқару органдары оң жақтан сол жаққа орналастырылып қайта жабдықталған автомобильдерменшік иесі көлік құралы конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәлік ұсынғаннан кейін ғана тіркеуге жатады. Көлік құралы конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәлікті Сауда және интеграция министрлігі аккредиттеген сынақ зертханалары береді», - деді Серік Түсіпов.

Мұнан бөлек ол Арменияда берілген техпаспорт пен мемнөмірлер қайда сақталатынын, оларды қайтарып алу қалай жүзеге асырылатынын түсіндірді.

«Арменияда берілген техпаспорт пен мемнөмірлер автомобильді Қазақстанда тіркеген кезде Мамандандырылған ХҚКО-ларда тапсырылатын және автомобильдің меншік иесі талап еткенге дейін мұрағаттарда сақталады. Оларды қайтару автомобильді Қазақстанның тіркеу есебінен шығарған жағдайда, меншік иелерінің сұрау салуы бойынша жүзеге асырылады»,- деді ол.

С.Түсіпов Армениядан әкелінген және Қазақстанда осы жылғы 1 маусым мен 1 қыркүйек аралығында тіркелген автомобильді одан әрі қайта сату үшін не қажет екендігін де түсіндірді.

«Тіркелген автомобильдерді пайдалану мерзімі шектелмеген. Автомобильдің меншік иесі оны пайдалану мерзімдері туралы шешімді өзі қабылдауға құқылы. Егер азамат өз автомашинасын қайта сатқысы келсе, ол: «қазақстандық» мемнөмірлер мен техпаспорттарды тапсырумен автомобильді Қазақстанның есебінен шығаруға; мамандырылған ХҚКО-да «армяндық» нөмірлері мен техпаспортты қайтып алуға тиіс; Армения есебінен шығару, ол үшін қазіргі таңда «өзінің баруы қажеттігі» көзделген; Қазақстаннің заңнамасында көзделген (кедендік баж, бастапқы тіркеу және кәдеге жарату алымы) төлемдерін төлеу. Осыдан кейін, ол автомобильді басқа тұлғаға қайта сата алады»,- деп түсіндіреді ол.

Еске салсақ, Армениядан әкелінген көлік құралдарын тіркеуге арналған сұрақтар бойынша Call Center құрылған болатын.



Соңғы жаңалықтар