Арменияда 8 адам коронавирус жұқтырған

None
None
ЕРЕВАН. ҚазАқпарат – 13 наурыз күні Арменияда коронавирус жұқтыруға қатысты тағы екі оқиға тіркелген. Осылайша, 8 адамға инфекция жұққан расталды. Үкіметтің шешімі бойынша, 23 наурызға дейін барлық білім мекемелері жабылады. Үкімет елде коронавирусқа қарсы шараларды күшейтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-ның меншікті тілшісі.

13 наурызда Арменияның Денсаулық сақтау министрі Арсен Торосян коронавирусқа шалдығудың екі жаңа оқиғасы туралы мәлімдеді. Вирус бұған дейін Италиядан келген Эчмиадзин қаласында тұратын әйелмен байланыста болған адамдардан табылды.

«Италиядан келген әйелмен бұған дейін байланыста болған қала тұрғындарын оқшаулау кезінде сынама тағы екі адамның коронавирус жұқтырғанын көрсетті. Осылайша, ауру жұқтырған адамдардың саны 8-ге жеткен», - деп мәлімдеді Арменияның Денсаулық сақтау министрі Facebook-тегі парақшасында.

Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, біршама уақыт бұрын Италиядан келген Эчмиадзин қаласының тұрғыны оқшаулану туралы кеңеске құлақ аспай үйлену тойына барған.

Армения үкіметі елде вирустың таралуына байланысты 13 наурыз күні кеңес өткізді. Оның қорытындысы бойынша, премьер-министр Никол Пашинян Facebook -тағы парақшасында 23 наурызға дейіг елде барлық білім мекемелері жабылатынын мәлім етті.

Соңғы мәліметтер бойынша, Арменияда коронавирусқа шалдығудың 8 оқиғасы тіркелген. Бірінші оқиға 1 наурызда бұған дейін Ираннан келген Арменияның 29 жастағы азаматынан анықталды. 11 наурызда Арменияның 45 және 27 жастағы екі азаматы және Италияның бір азаматынан (51 жаста) вирус табылды. Олардың үшеуі де Арменияға Италиядан келген. 12 және 13 наурызда тағы екі оқиға тіркелді.


Авторы Азамат Әлмағамбетов


Соңғы жаңалықтар