Арменияда 190 адам коронавирусқа шалдыққан, оның екеуі жазылып шықты

None
None
ЕРЕВАН. ҚазАқпарат – Арменияда коронавирус жұқтырғандар саны 190-ға жетті. Екі пациент аурудан айығып кетті. Комендатураның шешімімен елде төтенше жағдай кезінде жабылуға тиіс мекемелер тізімі көбейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аурулардың алдын алу және бақылау ұлттық орталығының хабарламасына сенсек, 22 наурыздағы жағдай бойынша елде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны - 190. Яғни соңғы тәулікте 30 адам індетке шалдығып үлгерген. Елдің денсаулық сақтау министрі Арсен Торосян екі пациенттің жазылып кеткенін хабарлады.

«Екінші науқасты ауруханадан шығардық. Тест теріс нәтиже көрсетті. Ол адаммен 21 күн бойы бір бөлмеде бірге тұрған оның анасы аман-сау болып шықты. Ол демек індетті жұқтырмаған немесе жұқтырса да, аз уақытта жазылып кеткен», - дейді Арсен Торосян.

Арменияда 22 наурыздан бастап төтенше жағдай режимі аяқталғанша сауда орталықтары, бар, түнгі клуб, би алаңы, букмекерлік кеңселер мен құмар ойындар офистерінің, кино көрсететін орталықтардың жұмысына тыйым салынды.

Айта кетейік, Арменияда коронавирус жұқтыру оқиғасы бірінші рет 1 наурызда тіркелді. Бүгінде негізгі ауру ошағы – Эчмиадзин қаласы мен ел астанасындағы өндіріс орны. Елде 16 наурыз бен 14 сәуір аралығында төтенше жағдай режимі енгізілген.


Соңғы жаңалықтар