Арқалық қаласында бірнеше буынға жалғасқан полицейлер отбасы тұрады

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – ҚР Ішкі істер саласының құрметті ардагері Совет Керейбаевтың балалары мен немерелері, келіні мен күйеу баласы құқық қорғау органдарында жұмыс істейді. Ата аманатына адалдық танытып, бір ғана салада қызмет істеп келе жатқан әулеттің үлкені ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берді.

Ел тыныштығын, қоғамдық тәртіпті сақтау – абыройлы міндет. Бұл жауапты жұмысқа отансүйгіш, патриот азаматтар лайық екені белгілі. Арқалық қаласында тұратын Керейбаевтар отбасын көпшілік жақсы біледі. Отағасы Совет Құсманұлы бірнеше жыл аудандық, қалалық басқармаларда болды.

«1939 жылы Ақмола облысының Еңбекшілдер ауданында тудым. Бір жасымда Есіл станциясына көшіп келдік. Әкем Құсман темір жол бойында жұмыскер, анам Бәтима үй шаруасында болды. 1957 жылы Есілде №59 орта мектепті бітірдім. Жүргізуші мектебін аяқтап, 1958-1964 жылдары автобазада жүргізуші болып істедім. 1964-1966 жылдары Алматы милиция арнайы орта мектебінің МАИ бөлімшесінде курсант, 1966-1969 жылдары Есіл аудандық ІІБ МАИ инспекторы, 1969-1974 жылдары тергеуші болдым», - дейді Совет Керейбаев.

Совет Құсманұлы мұнан соң Қостанай облысына қоныс аударады. 1974 жылы Аманкелді аудандық ішкі істер бөліміне жұмысқа тұрып, үш жылдан соң бөлім бастығына дейін көтеріледі. Ардагердің Қостанай облысының құқық саласында жүріп, бірнеше лауазымды қызметтерді атқарды.

«Тәртіп сақшысының таңдауы аз болады. Басшылық қайда бағыттаса, сонда барасың. Міндеттелген жұмысты абыроймен атқарудың жүгі тіптен ауыр. 1985 жылы Жанкелдин аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы болып жүріп, алты жылдан соң Арқалыққа ауыстым. 1991 жылдың қазан айында милиция подполковнигі шенінде зейнеткерлікке шықтым. Қызмет барысында түрлі қиыншылықтар, тиісінше, қуанышты сәттер көп болды. Кейін жылдары Торғай облыстық салық комитетінде, тұтынушылар одағында заңгер болып жұмысқа тұрдым», - деп сөзін жалғады ардагер.

Совет Керейбаев өзі өмір бойы еңбек еткен құқық қорғау саласын бағалай білген және балаларына да сол жолды таңдауға үйреткен. Жұбайымен 8 бала тәрбиелеп өсірсе, оның алтауы әке жолын қуды.

«Зейнетке шықпаған ұлым Ғалым Есіл ауданында азаматтық қорғау прапорщигі болып өрт сөндіру бөлімшесінде жұмыс істейді. Бір келінім мен күйеу балам да осы құқық саласында. Мен балаларыма дұрыс жолды таңдауды нұсқадым. Олардың жүрек қалауына кедергі келтірген емеспін. Немерелерім де әулетіміздің мамандығынан алыстамады. Нұрхан есімді немерем – Нұр-Сұлтан қаласында жол полициясында взвод командирі, екінші немерем – Айдар ҚР ІІМ Ұлттық гвардиясында командир, үшіншісі Саят – әскери қызметкер, ефрейтор. Міне, бұл балаларым қоғам тыныштығы үшін жастайынан қызмет етіп келеді. Әрқайсысымен мақтанамын. Мемлекет мүддесін биік қойып, мақсатына деген адалдықтары ұнайды. Тек өзіндік дәстүрге берік отбасы ғана жұмысқа деген жауапкершілікті бере алады. Осыны немерелеріме үнемі айтып отырамын», - деп бөлісті Совет Құсманұлы.

Саналы ғұмырын құқық саласына арнаған Совет ақсақал бар құрметке ие. «Қылмысты іздестіру қызметіне 100 жыл», «Тың жерлерді игергені үшін», «Тыңға 50 жыл», «Еңбек ардагері», «ҚРиІІМ құрметті ардагері» медальдарымен және «Милиция үздігі», «І санаттағы маман» төсбелгілерімен марапатталды. 2015 жылы Қостанай облысының «Еңбек даңқы» кітабына есімі енгізілді.

Совет Құсманұлы жасы сексенге жетсе де қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүреді. Бүгінде ол – Арқалық полиция басқармасында ардагерлер кеңесінің, Арқалық қалалық ардагерлер кеңесінің пленум мүшесі.

Соңғы жаңалықтар