Архимед Мұхамбетов: «Серпіннің» түлектеріне барлық жағдай жасалады

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай қаласында облыстық бос орындар жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов айтқандай, мұндай ауқымды шара өңірде тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Шараға барлық аудан-қалалардың әкімдері қатысты.

«Елбасының бастамасымен жас мамандарды жұмысқа орналастыру бойынша көптеген мемлекеттік бағдарламалар қабылданды. Солардың ішінде жемісті жүзеге асып келе жатқаны - «Дипломмен ауылға!». Осы уақытқа дейін аталмыш бағдарлама арқылы өңірге 4310 жас маман келді. Оларды жұмысқа орналастыруға, жүріп-тұруына 4 млрд 700 млн теңге қаражат жұмсалды. Міне, осы сияқты іргелі мемлекеттік бағдарламалардың тетіктерін түсіндіру үшін бос орындар жәрмеңкесін өткіздік», - деді аймақ басшысы.

Вакансиялар жәрмеңкесі орталықтан шалғай орналасқан елді мекендерге маман тарту мақсатында жүзеге асырылып жатыр.

«Биыл Қостанай облысында 700 түлек «Серпін» бағдарламасымен білімін аяқтайды. Біз бұл түлектерге тұрақты жұмыс орнын тауып беруді міндетімізге аламыз. Әрбір аудан-қаланың әкімдеріне тапсырма бердім. Тиісінше, түлектер мемлекеттің қолдауын сезініп, білікті маман болуға ұмтылуы қажет», - деп атап өтті Архимед Мұхамбетов.

Бүгінде Қостанай облысында 1200 бос орын бар. Ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім беру, сәулет, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жер қатынастары салалары бойынша мамандар тапшы.

Мәселен, Федоров ауданына 88 маман керек. Оның ішінде, мемлекеттік қызметке -17, денсаулық сақтау саласына - 9, білім беру саласына 30 қызметкер іздестірілуде.

«Мен «Серпін» бағдарламасы арқылы Қызылорда облысынан келдім. Биыл оқуымды аяқтап, Сарыкөл ауданына жұмысқа тұруды жоспарладым. Бүгінгі бос орындар жәрмеңкесінен ауыл шаруашылығы саласынан жұмыс таптым. Жергілікті билік өкілдері тиісті әлеуметтік пакет ұсынды», - дейді ЖОО түлегі Ринат Сақтағанов.
null

Соңғы жаңалықтар