Архимед Мұхамбетов өңір тұрғындарын сумен жабдықтаудағы басты проблеманы атады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл Қостанай облысында ауыл халқын сумен жабдықтауға арналған 21 жоба жүзеге асырылады Бұл туралы Үкімет отырысында Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қостанай облысында ауыл тұрғындарын сумен қамтамасыз ету деңгейі республика бойынша ең төмен, 75 пайызға да жетпейді. Жағдайды жақсарту үшін қандай жұмыс жүргізілуде?» деп сұрады Үкімет басшысы Әлихан Смайылов өңір басшысынан.

Архимед Мұхамбетов шын мәнінде көрсеткіштер төмен екендігін жасырмады.

«Оған белгілі себептер бар. Қостанай облысы жерасты тұщы су тапшылығынан, тіпті олардың жоқтығынан күрделі гидрогеологиялық жакғдаймен сипатталады. Кеңес заманында жерасты суларының тапшылығынан облыстың 266 ауылы 24 топтық су таратқыш арқылы қамтамасыз етілді. Оның ішінде бірнеше ауылға Қорған және Солтүстік Қазақстан облыстарынан жеткізілді. Қазіргі уақытта 10 топтық су таратқышы жұмыс істейді. Олардан 60 ауылға су тартылады. Қалған 14 топтық су таратқышы 1990 жылы істен шыққан. Сондықтан 206 ауыл ауыз сусыз қалған. Қазір біз оларды сумен қамтамасыз ету жұмысын жүргізіп жатырмыз. 2021 жылдың қорытындысында 2020 жылмен салыстырғанда облыс бойынша сумен жабдықтау қызметтерімен қамтамасыз ету едәуір артып отыр. Ауыл халқы бойынша 74,9 пайызды құрап, өсім 10,2 пайыз болды. Қала тұрғындарын да сумен жабдықтау қызметтерінде өсім бар», - деді ол.

Өңір басшысының айтуынша, биыл 37 жобаны іске асыруға 16,6 млрд теңге көзделген. Ресупбликалық бюджетті нақтылау кезінде тағы да 10 жобаға 2,8 млрд теңге бөлінді. Биыл 21 жобаны пайдалануға беру жоспарланған. Сонымен қатар 66 ауылға тасымалданатын су тарату пункті орнатылады. Нәтижесінде сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділік ұлғаяды.


Соңғы жаңалықтар