Архимед Мұхамбетов: Облыста дәрі-дәрмек тапшылығы жоқ

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат –​ Қостанай қалалық ауруханасы толығымен провизорлық стационар ретінде жасақталды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингіде облыс әкімі Архимед Мұхамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, республикадағы эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, медициналық ұйымдардағы төсек-орындарды бөлу қайта қаралды. Қазіргі уақытта инфекцияға қарсы тұру үшін 1668 төсек-орын дайындалды. Оның ішінде 1084-і - провизорлық. Қазір Қостанай қалалық ауруханасы толығымен провизорлық стационарға ауыстырылды. Оның базасында 250 төсек-орын дайындалды. Қала емханаларында дәрігерлер мен орта медициналық қызметкерлер қосымша жұмысқа қабылданды. Облыста респираторлық ауруларға қарсы дәрілерге тапшылық жоқ. Қазір Қостанайда 120-дан астам ірі дәріхана желісі жұмыс істейді. Оларға әлеуметтік маңызы бар дәрі-дәрмектердің 42 түрі жеткізіліп отырады. Облыстың медициналық ұйымдарында медициналық іс-шараларды көрсету үшін емдеу хаттамасымен ұсынылатын препараттар қоры бар», - деді Архимед Мұхамбетов.

Айта кетейік, әлеуметтік желілерде Қостанай қалалық емханаларында қорғаныш құралдарының жетіспей жатқаны туралы хабар тараған болатын. Өңір басшысы бұл ақпаратты теріске шығарды. Оның айтуынша, медицина қызметкерлері қажетті жеке қорғаныш құралдарымен, инфекцияны емдеуге арналған дәрілік препараттармен толықтай қамтамасыз етілген.​

«Эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізу үшін 60 монитор, өкпені жасанды желдетуге арналған 40 аппарат, 20 ларингоскоп, 20 дефибриллятор, 3 газ анализаторы, 5 бейнобронхоскоп, 170 контактісіз термометр, 11 мың қорғаныш комбинезоны, 3,5 мың қорғаныш көзілдірігі, 800 дана дезинфекциялық құрал, 10 мың дәке таңғыш сатып алынды.​ Сондай-ақ аудан-қалалар үшін 80 бірлік санитарлық көлік әкелінді. Жалпы облыс бойынша 210 өкпені жасанды желдету аппараты бар, оның ішінде орталық аудандық ауруханаларға 1-2 құрылғыдан берілді.​ Шілде айында өкпені жасанды желдетуге арналған қосымша 47 құрылғы келеді деп күтілуде. Бұған қоса компьютерлік томографтарды сатып алу пысықталуда», - деп атап өтті облыс әкімі.

Аймақта медицина қызметкерлерін материалдық тұрғыда ынталандыру жұмыстарына да екпін түсірілген. 3483 медицина қызметкеріне 615,7 млн теңге сомасында төлем жүргізілді.


Соңғы жаңалықтар