Архимед Мұхамбетов құс тұмауының таралуы туралы: Жағдай ерекше бақылауда

None
None
АРҚАЛЫҚ. ҚазАқпарат – Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов жұмыс сапарымен Арқалық қаласына барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімінің баспасөз хатшысы Саят Жүсіпов айтқандай, Архимед Мұхамбетов құс тұмауының одан әрі таралуып кетпеуіне байланысты Арқалық қаласының басшылығына өңірлік жоспар құруды тапсырды. Айта кетейік, бұған дейін Арқалық қаласындағы құс фабрикасында 296 446 құс қырылып қалғаны белгілі болған еді.

«Жұмыртқа өндірумен және сатумен айналысатын «Агроинтерптица» ЖШС-ға бардым. Құс тұмауының таралуына жол бермеу жөніндегі ағымдағы жағдаймен таныстым. Мұнда карантин енгізілді, жағдай ерекше бақылауда. Қазіргі дағдарысқа қарамастан кәсіпорын басшылығына қызметкерлерді қысқартуға жол бермеуді ұсындым. Жағдайды реттеу үшін жұмыс жоспары құрылады», - деп жазды Архимед Мұхамбетов әлеуметтік желіде.

Арқалыққа сапары барысында өңір әкімі 7500 бас малды бағуға қолайлы мал шаруашылығы кешенінің құрылысын қарап шықты. Жобаның жалпы құны – 3,5 млрд теңге. Нысанның іске қосылуы 2 кезеңде жүзеге асады. 2021 жылғы ақпанда бордақылау алаңы, ал 2021 жылғы қыркүйекте репродуктор кешені енгізіледі.

Облыс әкімі «Жігер» стадионына да барды. Биыл бұл стадионның спорт залы күрделі жөндеуден өтті.

Әкім сапары қаладағы № 2 орта мектепте жалғасты. Мұнда күрделі жөндеу аяқталды. Оған қазынадан 381,4 млн теңге бөлінді.

«Одан кейін Арқалық өңірлік ауруханасына барып, жөндеу жұмыстарымен таныстым. Сондай-ақ дәрі-дәрмек қорын қарап шықтым.Дәрі-дәрмектер қоры шамамен 3 айға жетеді. Сапар қорытындысы бойынша Арқалық қаласының әкімі Қ.Әбішевке қаланың одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша жұмыс жүргізуді тапсырдым», - деп атап өтті аймақ басшысы.


Соңғы жаңалықтар