Археологиялық жұмыс жүргізу үшін қажетті лицензияны алу талаптары күшейтіледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәдениет және спорт министрлігі археологиялық және ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүргізу үшін қажетті лицензияны алу талаптарын күшейтпек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Археологиялық және ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүргізу үшін лицензия алу бойынша біліктілік талаптарын күшейту көзделеді. Бүгінгі күні аталмыш жұмыстарға лицензия алудың талаптарының оңтайлығын пайдаланып, осы салаға қатысы жоқ ұйымдар лицензия ала алады. Мәселен, археология немесе ғылыми-реставрациялау жұмыстары бойынша тәжірибесі мол бір тұлға ғылыми жетекші ретінде бірнеше компанияның атынан ұсынылып жүр және бұған тосқауыл қою негіздемесі жоқ», - деді ҚР Мәдениет және спорт министрінің міндетін атқарушы Нұрқиса Дәуешов сенаторлардың алдында «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заң жобасын қорғау кезінде.

Оның айтуынша, осының салдарынан ғылыми жетекші бір уақытта барлық объектідегі жұмыс жүргізуге мүмкіндігі болмауынан, кейбір орындарда қазба жұмыстары оның қатысуынсыз жүргізіле береді.

«Заң жобасында осы мәселеге назар аударылып, бір тәжірибелі жетекшіні бір ғана ұйымнан беру қарастырылып отыр», - деді ол.

Айта кетсек, Нұрқиса Дәуешов бүгін Парламент Сенатында «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заң жобасы мен «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне тарихи-мәдени мұра бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қорғаған болатын.

Соңғы жаңалықтар