Әрбір тұрғынға көмек кедергісіз жетуі тиіс – Бердібек Сапарбаев

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысы әкімдігінде өткен кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықты қолдаудың қосымша шаралары бойынша жүктеген міндеттемелерін жүзеге асыру барысы талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз мәлімдесінде жергілікті атқарушы органдарға шұғыл түрде жүзеге асырылуы қажет бірқатар міндеттер жүктеген болатын. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев олардың әрқайсысын назарға алып, салалық басқармаларға нақты тапсырмалар жолдады.

Бірінші кезекте пандемияға қарсы күресте алдынғы шепте жүрген дәрігерлер мен медицина қызметкерлерін қосымша қолдау үшін тиісті есептеулер шараларын жүргізу қажет. Сонымен қатар, аймақ басшысы азаматтардың, оның ішінде тегін азық-түлік үлестірілетін мүмкіндігі шектеулі азаматтардың тізімін жасауды міндеттеді.

Сондай-ақ халық арасында 1 шілдеге дейін МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған азаматтардың медициналық көмек алу құқығы ұзартылғандығы туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Ал шағын және орта бизнес өкілдері 6 айға еңбекақы төлеу қорынан ұсталатын салықтан босатылады.


Бердібек Сапарбаев көктемгі дала жұмыстарының орындалу барысы жергілікті биліктің айрықша бақылауында екендігін жеткізді. Бұл жұмыстарға Республикалық бюджеттен 70 миллиард теңге бөлінген. Ал қарыз алушылар үшін 5% - дан аспайтын мөлшерлеме белгіленген. Бұл орайда аудан әкімдері мемлекет көмегін тиімді пайдалану үшін фермерлер арасында жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Сонымен қатар, шағын және орта шаруа қожалықтарын қолдау мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында қосымша 100 миллиард теңге бөлініп отыр.

Аймақ басшысы атап өткендей, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін дизель отынының құнын литріне 165 теңгеге дейін немесе нарықтық бағадан 15 пайызға арзандату туралы Президенттің тапсырмасын орындау бойынша бақылаушы органдардың жұмысын күшейтіледі.

- Мемлекет басшысының тапсырмалары уақытылы әрі нәтижелі орындалуы тиіс. Ең бастысы – қарапайым тұрғындар өздерінің мемлекеттің қамқорлығында екендігін сезінулері керек. Бүгінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін әр бір күннің маңыздылығын ескерген дұрыс, - деп атап өтті аймақ басшысы.

Сондай-ақ, Бердібек Сапарбаев түсіндіру жұмыстарының әлсіз жүргізілу салдарынан мемлекет тарапынан қабылданған қолдау көрсету шараларынан тұрғындардың хабарсыз екендігін алға тартып, бұл мәселенің төтенше жағдай режимі кезіндегі өзектілігін баса айтты.

- Көмек әрбір тиісті тұрғынға жетуі керек. Мемлекеттік органдар өз жұмысын сапалы орындап, ал бөлінген қаражатқа тұрғындар уақытылы әрі кедергісіз қол жеткізуі тиіс, - деп атап өтті облыс әкімі.


Соңғы жаңалықтар