Әрбір қылмыстық істің артында адам тағдыры тұр – қызылордалық үздік тергеуші

Фото: None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордалық полиция аға лейтенанты Сұлтан Рысбай бес жылдан бері тергеуші қызметін атқарады. Ол бүгінге дейін 100-ден астам қылмыстық істі ашып, сотқа жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

23 маусым – Полиция күні қарсаңында тергеуші қызметін атқаратын Сұлтан Рысбайды әңгімеге тартқан едік.

- Сөз басында өзің жайлы айта кетсеңіз...

- Мен Қызылорда қаласында туып-өсіп, Қызылорда қаласындағы №217 орта мектепте білім алдым. Одан кейін Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде білім алдым. Еңбек жолымды Қызылорда қаласындағы Ақсай полиция бөлімінде тергеуші қызметінен бастадым. Бүгінде қалалық полиция басқармасының тергеу бөлімінің аға тергеушісімін.

- Тергеуші болу оңай емес. Еңбек жолында қылмыстық істі ашуда қандай қиындықтар кездесті ?

- Тергеуші қызметі – жауапты міндет. Ақсай полиция бөлімінде еңбек жолымды бастаған сәтте біраз қиындықтар кездесті. Ақсай аумағы қаламыздағы ең криминогенді аймақ саналады. Онда 102 нөміріне күніне 20-ға жуық хабарлама түсіп тұратын. Хабарлама негізінде жедел тергеу тобының құрамында кезекші тергеуші ретінде оқиға орнына талай мәрте бардым. Күнде түрлі адамдарды, түрлі тағдырларды көресің. Осылайша шыңдалдым, тәжірибе жинадым, тергеуші ретінде де, қарапайым тұлға ретінде өсіп-жетілдім.

- Қызметтегі жетістіктерің туралы айтып өтсеңіз ?

- Әрбір ісіме жауапкершілікпен қарауға тырысамын. Соның нәтижесі болар, 2020 жылдың қорытындысымен «Облыстың үздік тергеушісі» атанған едім. Қазірге дейін 100-ден аса ауыр, аса ауыр санаттағы ұрлық, алаяқтық, мүлікті талан-таражға салу, есірткіге қатысты қылмыстарды тергедім. Оларды нақты айғақтар арқылы сотқа жолдадым.

- Қылмыстық істерді жүргізу барысында қандай талаптарға арқа сүйейсің ?

- Әрбір қылмыстық істің артында бір адамның тағдыры тұр. Сондықтан оған бей-жай қарауға болмайды. Мен қылмыстық іс бойынша кінәліні айғақпен толық дәлелдеуге назар аударамын. Сот үкімі шыққан кезде ғана жұмыстың толық аяқталғанын сезінеміз.

- Өзіңіздің отбасыңыз жайлы айта кетсеңіз...

- Алдымен әкем Жалғас Жүсіпов жайында айта кетейін. Ол кісі ішкі істер органдарында 20 жылдан астам уақыт бойы абыройлы қызмет етті. Қазір зейнеткерлік демалыста. Бала кезімде әкеме қарап бой түзедім.

Қазақта мамандық және жар таңдаудан қателесуге болмайды деген қағида бар ғой. Мен сол екі таңдауда да қателеспеген бақытты жанмын деп есептеймін. Келіншегім Қазына Ерболқызы Қуанышбек те ішкі істер органдарында қызмет етеді, учаскелік полиция инспекторының көмекшісі. Қазіргі таңда бала күтіміне байланысты демалыста. Жұмыстан келгенде шаршағанымды басатын қызым және ұлым бар.

- Әңгімеңізге рақмет! Қызметте табыстар тілеймін!.

Сондай-ақ, бұдан бұрын Қызылордада үш буынға жалғасқан полицейлер әулеті бар екенін жазған едік.



Соңғы жаңалықтар