Арбаға таңылған ақтөбелік тағдырластарына тұрмыстық техника жөндеуді үйретуде

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбенің Шалқар қаласында тұратын Ерлан Алдашев «Шалқар саясы» мүгедектерді қолдау орталығын ашып, өз кәсібін дөңгелетіп отыр. Ол өзі секілді мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту үшін техника жөндеудің қыр-сырын үйретіп жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ерлан Алдашев жас кезінде абайсызда пойыз астына түсіп, екі аяғынан бірдей айырылды. Ауруханада ем қабылдап жатқан кезде мектеп бітірген сүйіктісі үнемі жанынан табылып, төрт ай бойы бар күтімін жасады. Уақыт оздырмай екі жас шаңырақ көтеріп, тоқсаныншы жылдардағы тұрмыс ауыртпалығымен бірге күреседі. Отағасы бала кезінен тұрмыстық техникаларды жөндеп, машықтанған. Қоқысқа лақтырған талай дүниені қайта жөндеп, көп адамның алғысын алды. Бірде көршісі бұзылған теледидарын әкеліп, жөндетіп алады. Осыдан кейін оны іздеушілер қатары бірте-бірте көбейіп, тұрмыстық техникалар шағын үйіне сыймай кетеді. Кейін ауыл тұрғындары оны «Телемастер Ерлан» деп атайтын болған.
Шағын бөлмеде тұрмыстық техникалардың нәзік талшықтарын лупамен қарап, ертелі-кеш көз талдыратын азаматтың әу бастан алға қойған мақсаты биік еді. Оның негізгісі — тағдырластарының жолын ашуға септесу, олармен дидарласатын орта құру еді. Сөйтіп ол 2017 жылы «Шалқар саясы» мүгедектерді қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігін құрып, осы атпен «Даму» қорынан алған 6 млн теңгеге шағын шеберхана ашты. Жаңа ғимараттағы тұрмыстық бұйымдарды жөндеу, тігін цехы, массаж бөлмесі бар. Онда тек мүмкіндігі шектеулі азаматтар жұмыс істейді. 7 адам осы жерден нәпақасын тауып отыр. Ал 2018 жылы «Әрекет» жобасы аясында 500 мың теңге грант ұтып алып, мүмкіндігі шектеулі жандарға өз кәсібін үйрететін 12 орындық кабинет ашты. Қазір шәкірттері плазмалық, сұйық кристалды, лед экранды жаңа теледидарларды жөндеуді меңгеріп жүр. Қосалқы құралы табылса, кез келген техниканы іске қосады. Егер сәйкес келетін қосалқы бөлшектері табылмаса, еліміздің бас қалаларынан, ТМД елдеріне тапсырыс береді.


«Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін түрлі қолдау шарасы қарастырылған. «Nur Otan« партиясының әлеуметтік жобалары да біз секілді адамдардың ынтасын арттырады. Қоғамға пайдалы болу біз үшін маңызды. Оның үстіне жақсы тұрмыс кешуге бәріміз құқылымыз. Менің санатымдағылардың арасында хас шеберлер бар. Тек оларды танып, білу керек. Біз құрған орталық осындай жандарды қолдауды, әлеуметтік қоғамдық өмірге араласуын қамтамасыз етуді көздейді», - дейді ол.

Айта кетейік, ІІ топ мүгедегі Аймангүл Қоблашева осы бірлестіктің арқасында үйде еркін қолдануға икемделген жайлы арбаға қол жеткізіпті. «Шалқар саясы» бірлестігінің қолдауымен Мейрамбек Сағынаевтың үйіне ауыз су құбыры тартылды.
Ресми деректерге сүйенсек, Шалқар ауданында 892 мүмкіндігі шектеулі жан тұрады. Оның 368-і жеңіл жұмысқа жарамды.


Соңғы жаңалықтар