Аралдағы сексеуіл алқабы 20 жылда 337 мың гектарға жеткен

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан 2030 жылға дейін Аралдың тұзды табанындағы 1,1 млн гектар аумаққа сексеуіл екпекші, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы халық алдында есептік кездесуінде Экология, геология және табиғи ресрурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Аралдың табанындағы тұзды шаңды азайту мәселесіне де тоқталды.

«Арал теңізінің кеуіп қалған орнына сексеуіл егу жеке мәселе деуге болады. 1990-2021 жылдар аралығында 195 мың гектар (қаңсыған аумақтың 9%-ы) жерге сексеуіл отырғызылды. Бірнеше апта бұрын аталған аумаққа арнайы экспедиция шығып, егілгіен ағаштарды тексеріп қайтты. Қазір ондағы сексеуілдің алқабы 337 мың гектарға жеткен. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз сексеуіл егудің кешенді бағдарламасын әзірлеп жатырмыз. 2021-2030 жылдары 1,1 млн га жерге сексеуіл егу жоспарланған», - деді ведомство басшысы.

Мағзұм Мырзағалиев Алматыдағы Sulpak дүкенінің 11 ағашты заңсыз кесуі заңнаманың өзгеруіне түрткі болғанын еске салды.

«Заңнамаға айыппұлдарды ұлғайту және бұзушыларға санкцияларды қатаңдату бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Осылайша, Қызыл кітапқа енгізілген әрбір заңсыз кесілген ағаш үшін зиянды өтеу мөлшері 6-дан 1000 АЕК-ке дейін ұлғайтылды. Бұдан басқа, әкімшілік және Қылмыстық кодекстерге орман қорында және қалалар мен елдімекендер шегінде ағаштарды және бұталарды заңсыз кескені, жойғаны және зақымдағаны үшін құқық бұзушыларға айыппұлдарды ұлғайту және санкцияларды қатайту бөлігінде өзгерістер енгізілді», - деген министр «Өсімдіктер әлемі туралы» Заң жобасы әзірленгенін, қазір ол құжаттың Мәжілістің қарауында жатқанын атап өтті.


Соңғы жаңалықтар