Арал маңында тұратын адамдардың қауіпсіздігі қоры құрылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Біріккен Ұлттар Ұйымы Арал маңындағы адам қауіпсіздігі жөніндегі көпжақты қордың құрылғандығын жариялады. Аталған қордың мақсаты - өңір тұрғындарына көмек көрсетуге дайындардың күш-жігерін біріктіру. Бүгінде Қазақстан, Өзбекстан және Түрікменстанда Арал маңы аумағында 7 млн адам тұрып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат БҰҰ Жаңалықтарының ресми сайтына сілтеме жасап.

Жаңа серіктестіктің тұсаукесеріне арналған салтанатты шарада БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Арал маңында адам қауіпсіздігі жөніндегі көпжақты қор жергілікті тұрғындардың өмір сүру жағдайын айтарлықтай жақсартып, Тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыруға септігін тигізетіндігін баса айтты.

«Серіктестік қоры қолдау көрсететін бағдарламалар қазірдің өзінде өңірде жаңа жұмыс орнындарының ашылуына көмектесіп, олардың 45 пайызына әйелдер орналасты», - деді бүкіләлемдік ұйымның басшысы.

Серіктестік қоры - бұл көптеген тараптың, оның ішінде үкімет пен жеке сектор өкілдері ынтымақтастығының нәтижесі. Бас хатшы мұндай қор құру туралы саяси шешімді жоғары бағалап, донорларды қаржылай қолдау көрсетуге шақырды.

Оның айтуынша, Арал өңіріндег Тұрақты даму мақсаттарын ілгерілету жөніндегі бағдарлама жергілікті халықтың лайықты өмір сүруге деген сенімін оятып, қалпына келтіретін болады.

«Қор бұл жетістіктерді кеңейтіп және нығайтып қана қоймайды. Бұл тәжіриені әлемнің өзге де өңірлерінде қолдануға болады», - деді А.Гутерриш.

Өзбекстан Олий Мажлисі Сенатының бірінші вице-спикері содик Сафоевтің пайымынша, серіктестік қоры кемінде 4 міндетті шешуі тиіс.

«Біріншісі - бұл қаражатты шоғырландырып, оны одан кейін Арал аймағын әлеуметтік-экономикалық дамытуға бағыттау. Екіншісі - кешенді әдістерді қамтамасыз ету. Өздеріңіз де білетіндей, Арал қалай десек те халықаралық қоғамдастықтың, БҰҰ-ның көптеген институтының және өзге де ұйымдардың басты назарында болды. Бірақ, әркім өз міндетін өзі шешті. Қазір бір-бірін қайталамай, бірлесе отырып мәселені шешудің кешенді, интеграцияланған әдістерін әзірлеуге ұмытылыс жүріп жатыр. «Өртті сөндірмей», қаражатты өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін бағыттауға ұмтылу керек.  Үшіншіден, аталған қаражат өңірдің инновациялық дамуы үшін бағыттауда жаңа әдістер қажет. Төртіншіден - бөлінген қаражатты барынша тиімді пайдалану. Яғни, адамдар денсаулық сақтау, ауыз сумен қамтамасыз ету, жұмыс орындарын құру, білім беру салаларындағы тікелей нәтижелерді көруі керек», - деді Содик Сафоев.

Оның сөзіне қарағанда, қазірдің өзінде Норвегия аталған қорға 1,2 млн доллар беретіндігін жария еткен.

Соңғы жаңалықтар