Әр қойшыға үй берілген, Wi-Fi орнатылған: Әулиеатадағы кәсіпкер жұмыс орнын көбейтуді жоспарлап отыр

None
None
ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ. ҚазАқпарат - Бүгінде Жамбыл облысында мал өсірумен айналысатын ең ірі қожалықтардың бірі - «Табыс» шаруа қожалығы. Қожалық Талас ауданында орналасқан. Шаруашылық иесі Нариман Мәуленов бұл кәсіппен 2018-ші жылдан бері айналысып келеді.

Араға екі жыл салып (2020 жылы) кәсібін кеңейту мақсатында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Жамбыл облыс бойынша филиалы арқылы 165 млн теңге несиеге алған. Сол қаражатқа 3 мың бас асыл тұқымды (жүнді құйрықты) қой мен қажетті техникалар сатып алған.

Сатып алған үш мың бас қойдың басын қолдан ұрықтандыру арқылы 8 мыңға дейін жеткізген. Қазір мал жайылатын жердің жалпы аумағы - 21 мың гектар. Қойды суғару ыңғайлы әрі жылдам болу үшін құдық қасына мотор орнатылған.

Қожалық иесі Нариман Мәуленовтың басты мақсаты - Елбасы ұсынған «Туған жерге туыңды тік» бағдарламасын қолдап, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту. Қазір шаруа қожалығында еңбек етіп жүрген 20 жұмысшы бар. Олардың алатын айлық жалақысы орташа есеппен 150 мың теңге. Мал бағатын 9 қойшының әрқайсына бір-бір үйден берілген. Екі бөлмелі үйде ыстық су, душ, монша және Wi-Fi орнатылып, қажет жиһаздармен жабықталған. Ондағы тағы бір ерекшелік - күн көзінен қуат алатын қондырғылар.

Жаңадан салынған үйлердің айналасында 100 түп тал, барлығы 1000 ағаш отырғызылған. Қара ағаштармен қатар түрлі жеміс ағаштары да бар. Алдағы уақытта тағы 1000 тал отырғызу жоспарланып отыр. Шаруалардың айтуынша, бұл үйдің айналасын көрікті етіп қана қоймай, аптап ыстыққа төрт түлік малға көлеңке болады екен.

«Табыс» шаруа қожалығы бордақылау алаңын ашып, жұмыс орнын арттыру 2022 жылдың басты жоспары ретінде қарастырып отыр. Оның жобалық-сметалық құжаттамасы 120 млн теңгені құрайды.


Соңғы жаңалықтар