Әр қазақ - менің жалғызым: Қазақ Республикасының 100 жылдығына орай фотоконкурс басталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Ақ жол» демократиялық партиясы Қазақ Республикасының 100 жылдығына орай «Әр қазақ - менің жалғызым» атты фотоконкурс жариялайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Байқаудың негізгі мақсаты - портреттік, тақырыптық және басқа да суреттер арқылы тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына үлес қосқан қазақстандықтардың бейнесін ашу, Алаш ұстанымдарын насихаттау.

Байқауға жас ерекшелігіне, мамандығына қарамастан, Қазақстанның кез келген азаматы қатыса алады.

Байқау 2 кезеңнен тұрады:

1 кезеңде жұмыс «Ақ жол» партиясының сайтында ашық дауыс беру арқылы таңдалады. Дауыс беру мына сілтемеде жүргізіледі.

2 кезеңде ең көп дауыс жинаған жұмыстар тәуелсіз кәсіби фотограф-сарапшылардан құрылған комиссия қарауынан өтеді. Байқау комиссиясының шешімі - шешуші шешім. Комиссия фотокөрменің экспозициясына конкурстық жұмыстарды енгізуге құқылы.

Байқау талаптары:

Жұмыстар 2020 жылғы 20 қыркүйекке дейін мына сілтемеде қабылданады.

Тіркелу барысында әр жұмыста автор туралы деректер аты-жөні және жұмысының атауы толық көрсетілуі тиіс.

Фотосуреттер JPG/JPEG форматында болуы және әр суреттің көлемі 5 Мb-тан аспауы керек. Фотосуреттердің файлдық атауы «Фамилиясы және реттік нөмірі» форматында сақтап тіркелуі тиіс. Мысалы: «Нурланов1.jpg», «Нурланов2.jpg», «Нурланов3.jpg» және басқа.

Қатысушы байқауға өз суретін жібере отырып, фотоның авторы өзі екендігіне және ол ешкімнің авторлық құқығын бұзбайтындығына, сондай-ақ сурет бұрын ешқандай фотобайқауға ұсынылмағандығына және ешқандай басылымда/интернет-ресурста жарияланбағанына кепілдік береді.

Қатысушы байқауға өз суретін жібере отырып, ұйымдастырушыларға болашақта өз фотоларын электронды және баспа БАҚ құралдарында, ұйымдастырушының сайтында және әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында авторлық қаламақысыз және коммерциялық емес мақсатта шектеусіз көлемде пайдалануға келісім береді. Ұйымдастырушылар фотобайқауға қатысушының суретін әрбір қолданған кезде автордың аты-жөнін тиісті талаптарға сәйкес көрсететін болады.

Суреттер автордың әлеуметтік желісінде #aqjol_photobaiqau хештегі бойынша және @akzhol_partiyasy (Instagram) және «Ақ жол» партиясы (Facebook) аккаунттарына жариялануы керек.

Ұйымдастырушы көрсетілген талаптарға сәйкес келмейтін жұмыстарды байқауға жібермеуге құқылы.

Фотоконкурс қорытындысы бойынша диплом мен ақшалай сыйлық беріледі:

1-орынға 500 000 теңге;

2-орынға 300 000 теңге;

3-орынға 200 000 теңге.

Фотоконкурстың нәтижесі 2020 жылдың 1 қазанында жарияланады.

Байқауға қатысушылар арнайы фотокөрмеге қатысады.


Соңғы жаңалықтар