Апталық шолу: Екі қаладағы еріктілерге QazCovid-in вакцинасы егіле бастайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Еліміздегі короновирус инфекциясына қатысты жағдай әр өңірде әртүрлі болғанымен, сақтық шараларының талабы бір. Өйткені, қауіпті індетті жұқтыру дерегі күрт өсіп кетіп жатқан өңірлер бар. Қалай болғанда да босаңсуға жол берілмеуі тиіс.

Қатаң шектеу шаралары енгізілсе де, ескертуді елемейтіндер көп. Қарапайым жұрттан бөлек, жиын-кештер өткізетін орындар да талаптарға мойынсұнбай, ережені бұзуларын доғармай келеді. Бұдан бөлек, шет елдерден келетін жолаушылар да селқостық танытуда. Бүгінгі таңда халықаралық рейстермен ұшып келген жолаушылардан короновирус инфекциясы анықталып жатыр. Естеріңізде болса, көктемде осы шетелге саяхаттап барып, ауру жұқтырып келгендер елдегі азаматтарды дертке шалдықтырды емес пе. Бұл індеттің қандай жолмен және қалай жылдам жұғатынын ешкім білмей қалады. Сондықтан, барынша сақтанып жүрген абзал. Енді елдегі ахуалға шолу жасап көрелік.

Елорданың ойын-сауық орындары мен мейрамханаларында карантиндік шектеу талаптары сақталмайды. Мобильді топтар рейд өткізіп, жұмыс режимінің бұзылу фактілерін анықтаған. Яғни, рұқсат етілмеген уақытта қызмет көрсеткен. Мұндай заң бұзушылықтар бойынша кәсіпкерлерден түсініктеме алынып, әкімшілік хаттама толтырылды. Бұйрыққа бағынбаған кәсіпкерлердің ісі мамандандырылған әкімшілік сотына жолданды. Соның ішінде 7 бірдей мейрамхана мен дәмхананың жұмысын 3 айға дейін тоқтату туралы өтінім бар.

Шығыс Қазақстан облысында карантиндік шаралар ұзартылды. «Шығыс Қазақстан облысының аумағында 2020 жылдың 21 желтоқсаны күні сағат 00.00-ден бастап 2021 жылдың 4 қаңтары күнгі сағат 00:00-ге дейін шаруашылық және өзге де қызметпен және халықтың тыныс-тіршілігінің ерекше жағдайларымен шектеу шаралары ұзартылсын», - делінген Шығыс Қазақстан облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің жаңа қаулысында. Сонымен қатар, облысаралық және халықаралық автобус, шағын автобус тасымалдарының жұмыс істеуіне тыйым салынған. Сондай-ақ азаматтардың облыс аумағына және Өскемен қаласының аумағына келуіне/кетуіне тыйым салынған. Қаулының толық мәтінімен мына жерден танысуға болады.

Шымкент қаласында карантиндік шектеу шаралары тағы 20 күнге ұзартылды. Бұл туралы қаланың Бас санитарлық дәрігерінің қаулысында айтылған. Шектеу шаралары 21 желтоқсан түн жарымынан бастап 11 қаңтарға дейін жалғасады. Шектеу бойынша қала тұрғындарына ауқымды іс-шаралардан бас тартып, 65 жастан асқан азаматтарға аса қажеттіліксіз далаға шығудан тыйылуға, қоғамдық көліктер мен далада маска тағып жүру міндетті болып қала бермек. Жұмыс берушілерге қызметкерлердің 50%-ін қашықтан жұмыс істеуге ауыстырып, базарлар мен сауда орындарындағы адамдар саны жалпы сиымдылықтан 30%-тен аспауы тиіс.

Елде тақауда үш мың еріктіге отандық QazCovid-in вакцинасы егіле бастайды. Бұл туралы ел премьерінің Жамбыл облысына жасаған сапары барысында айтылды. Осы өңірде шығарылатын QazCovid-in вакцинасы клиникалық сынаудың I және II фазаларынан сәтті өткен. Зерттеудің алдын ала нәтижелері вакцинаның тиімділігін 96% деңгейінде көрсеткен. Қазір денсаулық сақтау министрлігі үш мың еріктіге клиникалық зерттеулердің қорытынды III кезеңінің басталуын мақұлдады. Бүгінде алғашқы еріктілер Алматы және Тараз қалаларының клиникаларында егіле бастайды. Ал отандық вакцинамен жаппай егу 2021 жылдың наурыз айында басталады. Бірінші кезекте екпе ерікті түрде медицина қызметкерлеріне, педагогтарға, сондай-ақ созылмалы ауруы бар адамдарға жасалады. Вакцина шығаратын биофармацевтика зауыты 2021 жылы наурыз айында толық пайдалануға берілмек. Өндірістің қуаты жылына 60 млн доза деп жоспарланған.

Қарағанды облысында эпидемиологиялық ахуалдың тұрақты болуына байланысты барлық санитарлық бекеттер алынды. Аймақтың Бас санитар дәрігерінің қаулысы желтоқсанның 18-і күні күшіне енді. Естеріңізге сала кетейік, 19 қазанда Жезқазған мен Приозерск қалалары және Осакаров, Нұра, Қарқаралы, Бұқар жырау, Ұлытау аудандарының кіреберісіне 8 санитарлық бекет қойылған болатын. Онда дәрігерлер мен полиция қызметкерлері жүргізушілер мен жолаушылардың дене қызуын өлшеп, денсаулығын тексеріп тұрды.

Атырау облысының мемлекеттік бас санитар дәрігері Амантай Жұмағалиевтың жаңа қаулысымен карантиндік шектеу шаралары қайта күшейтілді. Бас санитар дәрігердің №71 қаулысында «Атырау облысының аумағында эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін шаруашылық және өзге де қызметпен және халықтың тыныс-тіршілігінің ерекше жағдайларымен шектеу шаралары енгізілсін. Шектеу іс-шараларының режимі мен мерзімдері облыс аумағында COVID-19 коронавирустық инфекциясының таралуы бойынша ахуалдың өзгеруіне сәйкес қайта қаралуы мүмкін», - делінген. Қаулыға сәйкес, Теңіз кен орнында карантиндік және шектеу шаралары эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін ұзартылды. Ал өңір тұрғындарына респираторлық инфекцияның алғашқы белгілері пайда болған кезде медициналық ұйымдарға бармай, жедел медициналық көмек 103-ке қоңырау шалу арқылы үйден медициналық көмекке жүгіну; Қоғамдық тамақтану орындарында тамақтану кезіндеәлеуметтік арақашықтықты сақтай отырып және 5 жасқа дейінгі балаларды коспағанда, қоғамдық орындарда, баруға және демалуға арналған орындарда, қоғамдық көліктерде медициналық немесе мата бетперделерін кию міндетті; Жасы 65-тен асқан адамдарға азық-түлік, дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды, сондай-ақ қажетті тауарларды сатып алуды және медициналық мекемелерге баруды қоспағанда аса қажеттілік болмаса тұрғылықты жерінен шықпауға ұсыныс беріліп отыр. Сондай-ақ облыс тұрғындары халық көп шоғырланатын жерлерге бармауға, әлеуметтік арақашықтықты сақтауға, бетперде тәртібін және жеке бас гигиенасын сақтауы тиіс.

Айтпақшы, өткен аптада эпидемиологиялық ахуалға байланысты Атырау облысы «қызыл аймаққа» өтті. Мұнайлы өңірде қауіпті індетке шалдыққандардың саны артып, жағдай ушығып барады. Ауру жұқтарғандардың көбі Теңіз кенішінен анықталып отыр. Соңғы тәулікте облыста 60 адамның коронавирус инфекциясына шалдыққаны белгілі болды. Оның 25-і Атырау қаласынан, 27 науқас Теңіз кенішінен тіркелген. Қалғаны аудан тұрғындарының арасынан анықталыпты. Тіркелген науқастардың он бірінде ауру симптомды түрде өтіп жатыр. Айта кетейік, мереке күндері мұнайлы өңірде базарлар мен ірі сауда орындарының қызметіне тыйым салынады. Десе де, қоғамдық тамақтану орындары мен азық-түлік дүкендері, дәріханалар жұмыс істей береді.

Жамбыл облысында эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Алайда өңірде коронавирусты инфекцияны жұқтыру дерегінде өсім байқалады. 14 күнде ауырғандар саны 300-ге жуықтаған. Қоғамдық көлік, азық-түлік, сауда-саттық орындары бұрынғы кесте бойынша жұмысын жалғастырады. Бірақ санитарлық талаптардың сақталуын 51 мобильді топ бақылауда ұстайтын болады. Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің жетекші маманы Гауһар Макуетова мереке күндерінде мобильді топтардың жұмыстары да күшейтілетінін айтты. Яғни қоғамдық тамақтану орындары, ресторан, кафелерді тексеру сонымен қатар жексенбі және мереке күндері жұмыс істеуге рұқсат берілмеген осы объектілерді тексеру мониторингтік топтардың жұмыстары күшейтіледі. Қостанайда карантиндік шектеу шаралары ішінара жеңілдетілді. Аймақта жабық спорттық нысандардың жұмыс істеуіне рұқсат берілді. Тұрғындарға жексенбіден басқа күндері таңғы 8:00-ден кешкі 22:00-ге дейін жаттығу жасауға мүмкіндік беріліп отыр. Өңірде қоғамдық тамақтану орындарының жұмыс режимі түнгі сағат 23:00-ге дейін ұзартылды.

Павлодар облысы коронавирус инфекциясының таралуы бойынша қызыл аймақтан жасыл аймаққа енуіне байланысты карантиндік шектеулер жеңілдетіліп жатыр. Аймақтағы эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді. Қазір тосқауыл бекеттері алынып тасталған. Қалааралық, ауданаралық жолаушылар тасымалы жанданады. Қоғамдық көліктерге қатысты локдауын алынды. Мереке және демалыс күндері автобустар мен трамвайладың жұмысы тоқтатылмайды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы бөлім басшысының орынбасары Ерғалы Асылбектің айтуынша, бүгінгі күні инфекциялық ауруханалардың жүктемесі 31,9% құрайды. Стационарлық емдеуде 442 адам алып жатыр. Соның ішінде расталған коронавирустық жағдаймен 366 адам ем алып жатыр. Осы стационарлық емдеуде соның ішінде 11-і бала. 1500-ден астам адам амбулаторлық ем алып жатыр. Ақсу қаласында қарттар үйіндегі жағдайға байланысты айтсақ, жалпы бүгінгі күні 84 адам медициналық бақылауда. Оның ішінде 20 қызметкер, 35-і қарт адам.

Қызылорда қаласында апта сайын кем дегенде 10-15 санитарлық талаптарды бұзғандар анықталып жатыр. Яғни оның алдындағы мәліметтермен салыстырғанда азайғаны байқалады. Бірақ сонда да алдымыздағы мереке күндері ол отбасылық іс-шараларды көбеюі мүмкін. Сондықтан тиісті қала әкімінің тапсырмасына сәйкес қаладағы санитарлық талаптарын қатаң бақылау мақсатында мониторлық топ жұмысын күшейтілген режимде жұмыс жасайды. Жалпы аймақтардағы ахуал құбылмалы болып тұр.

Ыстанбұлға барып келген екі қазақстандықтан коронавирус анықталды. Айта кетейік, бұл азаматтарда ПТР анықтама болмағандықтан, сынама алу үшін стационарға жатқызылған еді. Осылайша, олар елге келгенде ғана дертке шалдыққандарын білді. Ал кеше Қазақстан аумағына 18 халықаралық рейспен 2008 жолаушы келген. Тиісті медициналық құжаты жоқ 237 адам карантинге алынып, тестіден өтті. «Қазір қорытындысын күтуде», - деп хабарлайды Санитарлық эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі.

2020 жылғы 17 желтоқсанда ПТР анықтамасыз ұшып келген 3 қазақстандықтан COVID-19 анықталды. 2020 жылғы 18 желтоқсанында Қазақстан Республикасының аумағына Румыния, Қытай, Грузия, Мысыр, Түркия, БАӘ, РФ, Беларусь Республикасы, Тәжікстан және Өзбекстаннан 17 халықаралық әуе рейсі келді. 2561 жолаушының ішінде ПТР-тестілеудің теріс нәтижесі бар анықтамамен 2351 адам, анықтамасыз 210 ҚР азаматы келді. Оның ішінде: Алматы қаласының әуежайына – 9 рейс, 1 641 жолаушы, анықтамамен – 1 513, анықтамасыз - 128; Нұр-Сұлтан қаласының әуежайына – 6 рейс, 789 жолаушы, анықтамамен - 707; анықтамасыз - 82; Атырау қаласының әуежайына – 1 рейс, барлық 44 жолаушы анықтамамен келді; Ақтау қаласының әуежайына – 1 рейс, барлық 47 жолаушы анықтамамен келді. Анықтамасыз келген Қазақстан азаматтары келген жерлері бойынша COVID-19-ға ПТР әдісімен тестіленді және карантиндік стационарларда өз нәтижелерін күтуде. 2020 жылдың 17 желтоқсанында анықтамасыз келген 378 ҚР азаматтарының ПТР-талдауларының нәтижелері бойынша Дубай – Нұр-Сұлтан рейсімен келген 3 жолаушыдан коронавирустық инфекция анықталды.

Жуырда Минск – Нұр-Сұлтан әуе рейсімен ұшып келген 4 қазақстандықтан коронавирустық инфекция анықталды. Бұл туралы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті мамандары хабарлап отыр. Аталған рейс бойынша анықтамасыз келген 311 қазақстандық қонған бетте ПТР талдау әдісімен тестіленген. Қазір індет анықталған жолаушылар толық оқшауланды. Комитеттің хабарлауынша, тек бір күнде ел төңірегіне 18 халықаралық әуе рейсі тоқтап, онымен 2 мыңнан астам жолаушы келген.

20 желтоқсандағы мәлімет бойынша елімізде 25 350 адам короновирус инфекциясынан емделуде. Олардың ішінде 4 482 пациент стационарда, 20 868 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда. 259 адамның жағдайы ауыр, 38 пациенттің жағдайы өте ауыр, 37 науқас өкпені желдету аппаратында жатыр. Өткен тәулікте 652 адамда коронавирус індеті ПТР арқылы расталып, ауырғаны белгілі болды.


Соңғы жаңалықтар