АӨІСШК Сыртқы істер министрлерінің кездесуі: Елбасы қатысушыларға үндеу жолдады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елордада өтіп жатқан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі Сыртқы істер министрлерінің 6-кездесуіне қатысушыларға құттықтау жолдады. Үндеуді іс-шара барысында ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақан Рахметуллин оқып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


ҚР Тұңғыш Президенті құттықтауында кеңестің елдерді саяси жақындатуда, Азиядағы ортақ әрі инклюзивті қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде бірегей халықаралық құрылымға айналғанын атап өтеді.

«Форум Азия аумағының 90 пайызын қамтитын 27 мемлекетті біріктіреді. Бұл жер шары тұрғындарының жартысына тең, әлемдік жалпы ішкі өнімнің 50 пайызы өндіріледі және жаһандық экономиканың үштен екісін қамтамасыз етеді. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің 5 саммиті өтті. Оның хатшылығы, жұмыс органдары бар. Іскерлік және жастар кеңесі жұмыс істейді. Жаһандық және өңірлік деңгейде көпжақты құрылымдармен байланыс орнатылған. Кеңестің БҰҰ Бас ассамлеясы жанындағы байқаушы мәртебесі бар. Бұған қоса, кеңестің беделі, рөлі және географиясы артып келе жатыр», - деп атап өтеді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев оған кеңес жұмысына қатысатын халықаралық жаңа ұйымдардың қатарының арта түсуі дәлел бола алатынын баса айтты.

«Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі жұмыс істеп тұрған жылдардың ішінде төңірегімізде өте көп дүние өзгерді. Айта кетерлігі, ендігі уақытта Азия жаһандық үстемдік пен қырғи-қабақ соғыстарға қарама-қарсы серіктестік, тең құқықтық, өзара ынтымақтастық қағидаттарын үндейтін Жер шарының маңызды саяси орталығына айналып отыр», - деді ҚР Тұңғыш Президенті құттықтауында.


Соңғы жаңалықтар