AntikorLIVE алаңында БАҚ және азаматтық қоғамның рөлі талқыланды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, «Qazaq TV» телеарнасының директоры Майя Бекбаева мен Қазақстан Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева AntikorLIVE алаңындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың маңызды бағыттары туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Онлайн режимде сарапшылар халықтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыру жөнінде өз пікірлерімен бөлісті. Осыған байланысты «Qazaq TV» телеарнасының директоры Майя Бекбаева сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету шараларын ақпараттық қолдауда ақпарат құралдарының маңыздылығын айтты.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – бүгінгі күні қоғамның алдында тұрған негізгі сын-қатердің бірі. Бұқаралық ақпарат құралдары мінез-құлық стереотиптерін қалыптастырып, қоғамдағы тенденцияларға әсер ететінін ескерсек, бұл жұмыста бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі өте маңызды», - деді Майя Бекбаева.

Ол сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шаралары жайында халықты хабардар етуге сапалы бағдарламалар қажеттігін айтты. Спикердің пікірінше, сарапшылар мен азаматтық сектор пікір алмасуға қатыса алатын диалог алаңдарын, оның ішінде әлеуметтік желіде құру тиімді болады.

AntikorLIVE алаңындағы талқылаудың тағы бір тақырыбы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы азаматтық қоғамның рөліне арналды. Қазақстанның Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева азаматтық қоғамның белсенділігі, қоғамдық бақылау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы ҮЕҰ рөлі туралы сұрақтарға жауап берді. Сондай-ақ спикер «Қоғамдық бақылау туралы» ҚР заң жобасының мазмұны бойынша жұмыс тобының атқарған жұмысы туралы айтып берді.


«Заң жобасы аясында, егер қоғамдық бақылау нысаны анықталған заң бұзушылықтар, ұсынымдар немесе ескертулер бойынша ақпарат алса, 10 жұмыс күні ішінде жүргізілген жұмыс туралы жазбаша жауап беруі тиіс. Заң аясында бұл бақылау нысанының міндеті», – деді Бану Нұрғазиева.

Қазақстанның Азаматтық альянсының президенті қазіргі таңда азаматтық қоғам сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл процесіне қоғамдық кеңестер мен мониторинг топтары арқылы тартылып жатқанын да тілге тиек етті.

Айта кету керек, AntikorLIVE алаңы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі құрған тұрақты диалог алаңы саналады. Спикерлер ретінде үкіметтік емес ұйымдардың, мемлекеттік органдардың, Adaldyq Alany жобалық кеңселерінің өкілдері сөз сөйлейді.


Соңғы жаңалықтар