Әншімен шатастырып, ән сұрайтындар көп – мемқызметші Бауыржан Исаев

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан қаласының жанындағы Жаңа Иқан ауылдық округінде Бауыржан Исаев есімді азамат тұрады. Жергілікті әкімдікте қызметін атқаратын ол, әнші Бауыржан Исаевпен аттас. Әрі тегі де бірдей. Сондықтан көпшілік оны «Өмір түгіл, өзімді де білмеймін» деп әндететін әншімен жиі шатастырады.

Бауыржан Ибадуллаұлы бұған дейін Алматыда кәсіппен айналысқан. Сол кездері арнайы қоңырау соғып, «тойымызда ән салып берсеңіз» деп қолқа салатындар көп кездескен.

«Бауыржан Исаевтың әндері хит болып жатқан кез еді. Ұялы телефон деген мүлдем жоқ. Баршамыз үй телефонын пайдаландық. Бірде салық басқармасынан үйдегілерге хабарласып, тез келуімді өтініпті. Өзім 10 күн бұрын ғана бүкіл салығымды төлеп қойғандықтан, бір шикілік орын алған шығар деп уайымдадым. Кәсіпкер болған соң, «дұрыс төлем жасамадым ба?» деген күдік те келді. Бүкіл құжатымды жинап, айтылған кабинетке бардым. Кезек көп екен. Екі сағаттай күтіп ішке кірдім. Содан, шақырту бойынша келіп тұрғанымды айтсам, олар «жақында тойланатын кәсіби мерекеде ән салып берсеңіз» деп ұсыныс айтып тұр. Сол кезде барып, әнші Бауыржан Исаевпен шатастырғанын түсіндім. Жағдайды айтып, жұмысыма кеттім», - деп күле еске алды Бауыржан Исаев.

Тағы бірде үй телефонына хабарласқан іс-шара ұйымдастырушысы Бауыржан Исаевты сұрайды. «Тез арада бізге хабарлассын, оны сыйлыққа ұсынып жатыр едік», дегенде барып жағдайды түсінген анасы, баласының әншімен аттас екенін айтқан.

Бауыржанның бүгінгі мақсаты – Туған жерді түлету. Қазір Алматыдан ауылына келіп халыққа қызмет етіп жүр. Бұл бағыттағы жұмыстарға белсене кіріскен мемлекеттік қызметші қазірдің өзінде жерлестерінің ризашылығына бөленіп, алғысын алуда.


Соңғы жаңалықтар