Анкарада «Нұрсұлтан Назарбаев: Ұлы даланың рухани жаңғыруы» атты кітаптың тұсауы кесілді

None
None
АНКАРА. ҚазАқпарат - 5 желтоқсанда Анкарада ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай «Нұрсұлтан Назарбаев: Ұлы даланың рухани жаңғыруы» атты конференция өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Іс-шараны Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі мен Түркияның алғашқы Президенті Мұстафа Кемал Ататүрік құрған, осы елдің ең беделді құрылымдарының бірі саналатын Түрік тарих ұйымыны ұйымдастырды. Қолдау көрсеткен - Түркия Республикасы Президент Әкімшілігі.

Жиынға Елші Абзал Сапарбекұлы, Түркия Республикасы Президентінің Бас кеңесшісі Ялчын Топчу, Түрік тарих ұйымының басшысы Рефик Туран, сондай-ақ Түркияның басқа да ықпалды саяси тұлғалары, танымал ғалымдар мен жоғарғы оқу орындарының ұстаздары қатысты.

Жиынды ашқан Түрік тарих ұйымының басшысы Рефик Туран Түркі әлемі Қазақстанның Еуразиядағы белсенділігі мен ықпалының артуына сүйсініп отырғанын айтты. Ол, сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлт мүддесі үшін қажетті мақсаттарды жүзеге асырған, халыққа жол ашқан және келешектің келбетін айқындаған көшбасшы екенін жеткізді.
null 

Өз кезегінде, Елші А. Сапарбекұлы Елбасының Қазақстан ғана емес, Орталық Азия және күллі Түркі әлемінің баянды болашағы үшін аянбай еңбек етіп келе жатқанын айтып, Мемлекет басшысының Түркі кеңесін құру, Түркия мен Ресей арасындағы ұшақ дағдарысын оңғару және Сирия мәселесін шешуге бағытталған Астана процесін ұйымдастыру сияқты бастамаларына тоқталды.
null 

Түркия Парламентінің депутаты, Түркия-Қазақстан достық тобының басшысы Мехмет Али Жевхери ұлы ойшыл, бүкіл түркі жұртына иман нұрын шашқан ағартушы Ахмет Ясауи ілімі жөнінде сөз қозғады. Ол Қазақстанды әлемге танытып, басқа елдермен ынтымақтастық орнату арқылы заманауи мемлекет құрған және Түркі әлемінің ақсақалы атанған Н. Назарбаев пен Ясауи бабамыз арасындағы рухани сабақтастыққа назар аударды.

Жиынға арнайы қатысқан Түркия Президентінің Бас кеңесшісі Ялчын Топчу Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық саясаты мен көрегендігін атап өтті.

«Тұғырлы мемлекетті құрушы кемеңгер көшбасшы ретінде танылған Н. Назарбаев -  Түркі-Ислам әлемінің Ақсақалы және қазақ бауырларымыздың ғана емес, бүкіл Түркі әлемінің мақтанышы» - дейді ол.

Жиын Сейфеттин Ерол, Хасан Үнал және Күршат Зорлу сияқты Түркияның танымал ғалымдары және талдау орталықтарының басшылары баяндама жасады. Сөйлеушілер қазақ Президентінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты ауқымды мақаласын жариялау арқылы Қазақстанның рухани жаңғыруына ғана емес, Түркі әлемінің бірігуіне бағдар беретін тағы бір маңызды қадам жасағанын тілге тиек етті. Сарапшылардың пікірінше, Елбасы өзінің бағдарламалық мақаласында Қазақстанның түркілік табиғатын айқындайтын маңызды тұжырымдар жасап, Қазақ елінің Түркі әлемімен байланысын бекіте түсетін практикалық қадамдарды ұтымды ұсынған. 
null  

Сонымен қатар, конференция аясында Қазақстан Республикасының Түркиядағы Елшілігі және Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің қолдауымен қазақ және түрік тілінде жарық көрген «Нұрсұлтан Назарбаев: Ұлы даланың рухани жаңғыруы» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Кітапқа Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты қазақ және түрік тілдеріндегі мақалалар енген.

null 

Соңғы жаңалықтар