Андрей Лукин еліміздегі ломбардтар талаптарды орындамай отырғанын айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сенатор Андрей Лукин ломбардтар мен микроқаржы ұйымдарының жұмысына қатысты олқылықтарға және қазіргі нормалардың дұрыс орындалмауына байланысты қазақстандықтар зардап шегуге мәжбүр болып отырғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осыған орай депутат Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне сауал жолдап, қазіргі таңда ломбардтар өз жұмысын бастағаны туралы мемлекеттік органдарға ескертпеуге құқылы екенін атап өтті. Бұл олардың қызметі Агенттік тарапынан бақыланып, реттелмейді деген сөз. Осындай ломбардтарды тексеру мүмкіндігінің жоқтығына байланысты оларға қатысты қандайда бір әкімшілік шара қолдану мүмкін емес.

Сонымен қатар сенатор мұндай қаржы ұйымдарының қызметіне бақылау жүргізуге міндетті кейбір мемлекеттік органдар еш іс-әрекет жасамай отырғанын да тілге тиек етті.

Сондықтан Андрей Лукин микроқаржы ұйымдарының қызметін бақылау үшін бірыңғай ақпараттық жүйе қалыптастырудың маңызы зор деп есептейді. Сондай-ақ, кепілге қойылған мүлікті оның иесіне автоматты түрде ескерте отырып, жария сауда өткізетін платформа қажет. Тіркелмеген барлық ломбард заңды түрде қайтадан құрылуға немесе мүлдем жабылуға тиіс. Одан бөлек, депутаттық сауалда займ берген кездегі комиссия көлемін регламенттеуге және қауіпсіздік пен техникалық жабдықтауға қойылатын талаптарға қатысты заңнамаларды жетілдірудің маңызды екені айтылды.


Соңғы жаңалықтар