Анасынан ақша тартып алуды әдетке айналдырған елорда тұрғыны 20 күнге қамалды

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласының полицейлері «Учаске» жедел-алдын алу шарасының аясында ішкі істер бөлімінде есепте тұрған, отбасылық-тұрмыстық қатынас саласында құқық бұзушылық жасап жүрген, спирттік ішімдікке әуес тұлғаларды тұрғылықты мекенжайы бойынша тексеріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тексеріс кезінде учаскелік инспекторға егде жастағы әйел шағымданып, 34 жастағы баласының үйінде жанжал шығарып, ақшасын тартып алатынын айтты.

Ер адам бұрын талай рет жауапкершілікке тартылған.

Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен ер адамға 20 тәулік мерзімге қамауға алу түріндегі әкімшілік жаза тағайындалған.

Еске сала кетейік, елорда полицейлері 1 қыркүйектен бастап 1 желтоқсанға дейін Нұр-Сұлтан қаласының аумағында «Учаске» жедел-алдын алу шарасын өткізіп жатыр.

Шара басталғалы учаскелік инспекторларп 120 мыңнан астам пәтер мен 19 мыңға жуық жекеменшік түрғын үйге барды. ІІБ-да есепте тұрған 8 мыңға жуық адам тексерілген.

Шара барысында жалға берілетін бір мыңға жуық пәтер анықталды, ол туралы ақпарат Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік кірістер департаментіне жіберілді.

Жалпы алғанда, жедел-алдын алу шарасы басталғалы әкімшілік жауапкершілікке 16 мыңнан астам адам тартылған.


Соңғы жаңалықтар