Америкада тұру, Селин Дионмен жұмыс істеу: Димаш Құдайбергеннің алдағы жоспары қандай

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Танымал әнші Димаш Құдайберген америкалық MTV арнасына сұхбат берді. Сұхбаттың видеосы әншінің әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Телеарна жүргізушісі Кевин Кенни Димаштан Қытайда не ұнағанын сұрады.

«Қытайға келгеннен бастап бәрі ұнады. Қытай халқы көпшіл, Қытай аудиториясы да өте жақсы. Менің Қытайдағы менеджерлерім өте еңбекқор», - деді Димаш сұхбат барысында.

Сонымен қатар, жүргізуші Димаштан кіммен бірге жұмыс істегісі келетінін және Джексон Ванг туралы не ойлайтынын сұрады.

«Мен Селин Дионмен бірге жұмыс істегім келеді. Джексон Ванг та - өте талантты орындаушы. Біз сөйлесіп тұрамыз, кейде коллаборация туралы сөйлесеміз. Ол өте талантты», - дейді Димаш.

Тағы бір сұрақ Димаштың испан тілінде ән айтуы жөнінде болды, әнші испан тіліде ән айтуға қарсы еместігін білдірді.

Көрермендердің «Не нәрсеге мақтанасыз?» деген сұрағына Димаш «Бәрінен бұрын қазақ екеніме мақтанамын» деп жауап берді.

Сондай-ақ, әнші өз жоспарын ашып айта бермейтінін және біраз уақыт АҚШ-та тұрғысы келетінін жеткізді.

«Мен өз музыкамды ілгерілету үшін бірақ уақыт Америкада тұруды жоспарлап отырмын, өйткені шоу-бизнестің эпицентрінде болуым керек. Бұрын да осыған ұқсас тәжірибе болды, Қытайда 3,5 жыл музыкамен шұғылдандым. Алайда, менің отбасым болатын жер әрқашан сүйікті жерім болып қала береді», - дейді Димаш.

«Өмірдің өте қысқа екенін айтқым келеді. Сол үшін бір-бірімізге мейірімді болып, жақсы көруіміз керек. Әлем саясатқа толы. Кейбір саясаткерлер соғыс бастаудан да қорықпайды», - деп пікір білдірді Димаш Құдайберген.


Соңғы жаңалықтар