Амандық Баталов Алматы облысында 65 мың жаңа жұмыс орнын ашпақ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Биыл Алматы облысында 65 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл туралы Үкімет отырысында Алматы облысының әкімі Амандық Баталов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы атап өткен төтенше жағдай кезінде халықты, бизнесті қолдау шаралары экономикадағы оң серпінді сақтауға және жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Облыс бойынша 156 мың адам жұмыспен қамтылған. Ірі және орта кәсіпорындарда өндіріс көлемінің төмендеуі және қызметкерлерді босату жағдайлары тіркелмеген. Жұмыспен қамтудың жаңа жол картасына 1 трлн теңге бөлу туралы шешім жұмыс орындарын құруға үлкен көмек берді. Мемлекеттік сараптама қорытындысы алынған жобалық-сметалық құжаттаманың арқасында облыста 22,8 мың жұмыс орнын құрып отырмыз. 977 жобаны іске асыруға 109,2 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде 58,9 млрд теңгесі немесе 54 пайызы әлеуметтік-мәдени саланың 429 жобасын іске асыруға бағытталады», - деді облыс басшысы.

Оның айтуынша, аталған жол картасының арқасында өңірде биыл қосымша тағы 7 мектеп салынады. Жалпы осы жылы барлығы 23 мектеп салынбақ.

«Бұл облыс үшін маңызды мәселе. Өйткені, біздің облыста қазіргі уақытта үш ауысымды 32 мектеп бар. Мұнан бөлек 5 ауылдық дәрігерлік амбулатория салуды жоспарлап отырмыз. 53 елді мекенде сумен жабдықтау нысандарын қайта жаңғырту мен жөндеу, 84 елді мекенде абаттандыру, 220 елді мекенде 500 шақырым жол жөндеу жүргізіледі. Облыста жол картасы бойынша жұмыстар атқарылған. Бірақ мұндай көлемде қаражат алғаш рет бөлініп отыр. Сонықтан біздің міндетіміз - оларды уақытында әрі сапалы игеру, жұмыспен қамту мәселелерін шешу», - деді өңір басшысы.

Облыс әкімі мұнан бөлек «Еңбек» бағдарламасы аясында жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 22 мың адамды қамту жоспарланып отырғанын айтты.

«Сонымен қатар жекеменшік инвесторлар тарту есебінен 367 млрд теңгеге 75 нысан іске қосылып, 5 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Нәтижесінде облыс бойынша қолдау шараларының арқасында жұмыстан шығарылған және жұмыссыз тұрғындар үшін жыл бойы 65 мың жұмыс орны құрылады», - деді Амандық Баталов.


Соңғы жаңалықтар