«Алтын Тұғыр-2019»: Ұлттық спорт үздіктері марапатталады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 5 желтоқсанда ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының ұйымдастыруымен, «Nur-Otan» партиясының қолдауымен биыл жетінші мәрте «Алтын Тұғыр-2019» ұлттық спорт үздіктерін марапаттау салтанаты өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы хабарлағандай, ұлттық спорт саласындағы үздіктердің мерейін көтеруді мақсат тұтқан бұл дәстүрлі марапаттау Нұр-Сұлтан қаласындағы «Қазмедиа» орталығының концерт залында өтеді.

Жетінші мәрте ұйымдастырылатын биылғы «Алтын тұғыр» сыйлығының иегерлері – 2019 жылғы ұлттық спорттың республикалық, халықаралық бәсекесінде дара шыққан жеңімпаздар болмақ.

Аударыспақ, теңге ілу, жамбы атудан, көкпардан Алматыда өткен Жастар арасындағы І Азия чемпионатында, Елорда төрінде өткен «Алтын жебе» І Әлем чемпионатында жеңімпаз атанған, бәйге мен құсбегілік бәсекелерінде топ жарған және тоғызқұмалақтан, асық атудан, қазақ күресінен халықаралық жарыстарда жүлделі орын иеленген көптеген спортшылар «Алтын тұғыр» сыйлығына лайық деп танылады.

«Алтын тұғыр» – жастарымызды ерлікке, батылдыққа, ептілікке, өжеттікке, жүректілікке тәрбиелейтін, рухын шыңдайтын ұлттық спорттың дәстүрлі жиыны. «Алтын тұғыр» – Ұлттық спорт бәсекелерінде ел намысын асқақтатып жүрген азаматтарымыздың есімін ардақтайтын думанды кеш. «Алтын тұғырда» елімізге танымал әнші-ақындар сахна төрінде өнер көрсетеді.

«Алтын Тұғыр-2019» ұлттық спорт үздіктерін марапаттау 5 желтоқсан күні Елордадағы «Қазмедиа» ғимаратының концерт залында өтеді. Басталуы сағат 19-00-де. Келем деушілерге есік ашық.

Соңғы жаңалықтар