Алтын Орда дәуіріне жататын «Қызыл оба» ескерткіші киелі орындар тізіміне енгізілмек

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында киелі орындар картасына 33 нысан енсе, жақында оның қатары тағы бір тарихи ескерткішпен толықпақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысының аумағында 436 археологиялық ескерткіш тіркелген. Табиғи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының мәліметінше, оның 47-сі — тас ғасырына, 167-сі — қола дәуіріне, 203-і — ерте темір дәуіріне, 19-ы – орта ғасырға жатады.

«Археологиялық ескерткіштердің басым бөлігі Ғабит Мүсірепов, Ақжар және Тайынша аудандарында шоғырланған. Бұл ескерткіштердің барлығының дерлік белгілі бір тарихи және көркемдік құны бар. Көпшілігі жергілікті маңыздағы нысандар қатарында болса, Айыртау ауданындағы Ботай қонысының республикалық маңыздағы ескерткіш мәртебесі бар», - дейді СҚО Табиғи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының директоры Рақат Мәмбеталинов.

Былтыр археологиялық ескерткіштердің қатары Уәлиханов ауданы Сілеті өзенінің маңында табылған «Қызыл оба» мавзолей-қорымымен толықты.

XIV-XVI ғасырларға жататын ескерткіш жыл жаңалығы болды.

«Ғалымдардың пікірінше, қорым Алтын Орда дәуіріне тиесілі. Ол жерде Жошы хан кезіндегі және одан кейінгі хандар мен төрелер ұрпақтары жерленген. 1200 шаршы метрді алып жатқан қорымда билеушілердің жатандғы көптеген айғақтармен дәлелденді. Жаңа тарихи ескерткіштің табылуы тарихтың ақтаңдақ беттерін ашуға септігін тигізбек. Енді осы құнды ескерткішті Қазақстанның киелі орындары картасына енгізу жайында ұсыныстар түсіп жатыр», - дейді Рақат Мәмбеталинов.

Қазір СҚО киелі жерлер картасына 33 нысан кірген. Өңірде арнайы жұмыс тобы құрылған. Олар «Рухани қазына» бағдарламасы аясында «Қазақстан географиясының сакралды картасына» СҚО-ның табиғи нысандарын енгізу бойынша жұмыс істеп жатыр. Жұмыс тобының отырысы наурыз айының соңына жоспарланған. Былтыр киелі жерлер картасына өңірдің халық арасында аса танымал емдік қасиеті мол тұзды көлдері мен бірнеше табиғи кешендері енген еді.


Соңғы жаңалықтар