«Алтын орда» базарында бәсекелестікті қорғау талаптары өрескел бұзылған – агенттік

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – «Алтын орда» базарының сауда нарығына қатысты бәсекелестік заңнаманы сақтауды тексеру нәтижесі бойынша әкімшілік іс қозғалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне сілтеме жасап.

Агенттіктің мәліметінше, биылғы наурыз айында Алматы облысы бойынша монополияға қарсы департаменті «Altyn Orda QazTrade LTD» ЖШС-ның қызметіне тексеру жүргізген. Тексеру барысында сауда орнын күнделікті жалға алу бағасы жүк көлігінен 15 000 теңге, КАМАЗ және MAN автокөліктерінен 7000-8000 теңге, Sprinter автокөлігінен 6000-7000 теңге, ГАЗель автокөлігінен 5000 теңге, жеңіл автокөліктерден 3500 теңге екені анықталды.

Осыған орай, Алматы облысы бойынша монополиямен күрес департаменті сауда орындарын ұсыну қызметтері нарығындағы бәсекелес ортаның жай-күйіне талдау және бағалау жүргізген. Талдау нәтижесі бойынша «Altyn Orda QazTrade Ltd» ЖШС 100% үлесімен монополист екені, бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзғаны анықталған.

«Тексеру қорытындысы бойынша 2022 жылдың мамыр айында «Altyn Orda QazTrade LTD» ЖШС-не қатысты әкімшілік іс қозғалды. Материалдар Алматы облысы Қарасай әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданды», - делінген Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің хабарламасында.

Еске салайық, бұған дейін «Алтын Орда» базарының иелері 1,5 млрд теңге салық төлегенін

және «Алтын орда» базарында 1,6 млрд теңге көлемінде заңбұзушылық анықталғанын хабарлаған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар