Алты құрлықтың арасын жалғаған «Ана жаулығы»

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Астананың боранды кешінде «Құланшы» көрме орталығында «Ана жаулығы» атты ерекше көрме ашылды. Тыстағы қар бораған дүлей жел, іштегі жылу шашқан ұйық аура көрмеге бас сұққан жанның бәрі Арқаға айғайлап жеткен адуын қыстың қазымырлығынан қажып, ана жаулығынан жылу іздеп келіп жатқандай әсер беріп тұрды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жалпақ жұртқа медиаменеджер ретінде танымал Махаббат Есеннің бұл жобаға келуі өз алдына бір тарих. Әжесін әлемнің ең әдемі жерлерін ертіп жүріп қыдыртсам деген жоспарын мезгілсіз келген ажал бұзып, арманда қалдым-ау деп жүргенде Лейла Махаттың «Ана жаулығы» атты жобасы туралы естиді. Бұл кезде суретшінің бастамасына үн қосқысы келген қазақстандық қыз-келіншектер бірі анасының, бірі әжесінің жаулығын жолдап, әйел тағдырының сан түрлі ізі бар үлкен жаулық кестелене бастаған болатын. Сол құрақ жаулықтың әлемді түгел аралап шығатынын естігенде әжесінің жаулығын бір шетіне жалғап жіберсем деген ой туады. Ол ой «Әлемді әжем шарламаса да, жаулығы аралап қайтсын» деген жұбаныштан туған екен.


«Ана жаулығы» жобасының пандемия салдарынан аналар төрт қабырғаға қамалып, әкелер түзден несіп тере алмай омалып қалған шақта өмірге келгені де заңдылық па дерсің. Жүректен шыққан дүниенің жүрекке жететіні рас болса керек, екі жылдың ішінде жобаның ұраны алты құрлыққа тарап, жаһанның түкпір-түкпірінен үн қосушылар табылыпты.


Елорданың «Құланшы» көрме орталығында Қазақстан, Вьетнам, Молдова, Буркина-Фасо, Аустрия, Словения, Израиль, Беларусь, Латвия, Армения, Мексика, Әзербайжан, Түркия, Тайвань, Чехия және Үндістан елдерінен қыз-келіншектер өз жаулықтарын жолдапты. Қазір құрақ жаулықта 524 ананың тағдыры, арманы, тілегі, сезімі үйлесім тапқан. Лейла Махаттың ендігі арманы – осы жаулықты әлемнің алты құрлығымен алып өтіп, көкжиегін кеңейту. Сол арманын іске асыру үшін қазір әлеуметтік желіде жобаны белсенді насихаттап, демеуші іздеп жүр.


«Бұл жобаны біз Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арнаймыз. «Forte Kulanshi Art Space»-те осымен 25 рет көрме өткізіп отырмыз. Бұл идея пандемияның алғашқы күндерінде, бәрі карантинге жабылған кезде пайда болды. Белсенді жандар үшін бұл оңай сынақ болған жоқ. Қол қусырып отырмай, іштегі булыққан энергияны пайдалы іске жұмсау керек еді. Оның үстіне індеттің қаупі артқан сайын ана біткен жақындары үшін алаңдап, аласұрып кеттік. «Ана жаулығы» жобасы осындай ширығыстан туған дүние. Бірде кіші қызым диванда жатып ұйықтап кетіпті. Бейсаналы түрде иығымдағы жамылғыны соған жауып жатыр екенмін. Бүкіл әлем оқшауланып қалған шақта бізді аналардың қамқоршы түйсігі біріктіру керектігін түсіндім. «Ана жаулығының» алғашқы идеясы осылай туындап еді», - дейді Лейла Махат.


Жоба авторының айтуынша, мұндағы әр жаулықтың кішігірім тарихы бар. (Мақаланың басында айтылған Махаббат Есеннің оқиғасын да осы Лейла Махаттың аузынан естіген едік).

«Әр жаулықты құраққа жалғаған кезде оның тарихын айтып, кейде тіпті әнге кезек беріп, бір сергіп қаламыз. Бір әйел өзі мен әпкесінің жаулығын қатар әкеліпті. Әпкесінің баласы қатты ауырып жатқанын айтты. Құрақтың бойына жиналған энергия баланы аурудан айықтырсын деп ырымдап келгенін сонда түсіндік. Әр жаулықтың артында тағдыр, тілек, арман жатыр деп отырғаным сол», - дейді суретші.

Көрмеде құрақ жаулықтан бөлек, қылқалам шеберлерінің туындылары қойылды. Үш баланың анасы, алматылық суретші Динара Кәдірова осы көрме үшін Алматыдан арнайы келіпті.

«Менің бұл жерге әкелген туындыларым «Ана жаулығы» жобасының ұранымен үндес. Лейла Махат мені шақырғанда соны ескерсе керек. «Құланшыда» көрме өткізу мен үшін жаңа деңгей», - деді ол.

Ана жаулығы бәзбіреулер айтып жүргендей әйелдің арын сұқ көзден қорғайтын перде ғана емес. Ана жаулығының мәнін бұлайша тым шар шеңбермен шектеу барып тұрған қараңғылық. Ана жаулығының тарихы мен тағлымын, қадірі мен қасиетін ешбір дінмен, ешбір идеологиямен, саяси догмамен шектеу мүмкін емес. Ана жаулығы адам баласына жөргек те болған. Керек кезінде кебіннің де орнын басқан. Ана жаулығы оты сөнген жүректерге жылу да берген. Бірде әйелдің сырласы болып, жасын сүртсе, бірде маңдайдағы тері сүрткен. Бірде майданда қансыраған жауынгердің жарасын таңып, жанына араша болған. Лейла Махаттың ана жаулығы туралы тебірене сөйлеген сөзі мен көрмеде қойылған терең ойлы туындылардан осындай ой түйіп қайттық.


Соңғы жаңалықтар