«Алтайдың көк жақұты» жұртқа көрсетілді - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Салмағы бір тоннаға жуық «Алтайдың көк жақұты» жұртқа көрсетілді - «Алтай ақпарат» сайты

Қытайдың Алтай аймағында тұңғыш кезекті халықаралық «Алтайдың алтын, асыл тас және мәдениет» көрмесі ашылды, деп хабарлайды  altxw.com  сайты.

Аталған ақпарат көзінің мәліметінше, ұйымдастырушылар бұл көрмеде «Алтай – алтын, асыл тасымен әйгілі» деген тақырыпты арқау етіп, 4 көрме алаңында 7 күнге жалғасқан ауқымды түрлі іс-шаралар өткізуді жоспарлаған. Қазіргі күні Алтайда 94 түрлі кен орны анықталған. Бұл бүкіл Қытайдағы кен түрінің 54.65% ұстайды.


«Алтайдың «тауы алтын, суы кәусәр» деген атағы бар. Сондықтан болар халқаралық көрмені қызықтап, тамашалауға туристер мен қонақтар көп жиналды.  Көрменің  ашылу салтанатында Қытайдағы екінші үлкен  метеорит жұртқа  көрсетіліп, оған «Алтай жұлдызы» деген атау берілді. Сонымен бірге салмағы бір тоннаға жуықтайтын «Алтай көк теңіз жақұты» да  көпшілік көзайымына айналды. Көрмеде жұрттар қызыға тамашалған «Алтай көк теңіз жақұты» 2002 жылы Алтайдың Көктоғай ауданынан табылған. Көрмеге Алтайдың алтыны мен түрлі асыл тастары қойылды.  Сондай-ақ, қонақтарға қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті де таныстырылды», -  деп жазады «Алтай ақпарат» сайты.


 Моңғолия астанасында Қазақ күресінен Азия чемпионаты өтті -  kaznews.mn


Қазақ күресінен Азия чемпионаты Моңғолия астанасы Ұланбатыр қаласында өтті, деп жазады Моңғолияның  KAZNEWS ақпараттық порталы.

«Чемпионатқа 11 елден 130 спортшы қатысып 44 медаль үшін бақтарын сынады. Жарыс екі күнге жалғасты. Жапониядан келген Sato Yuya 2019 жылғы Азия чемпионатының «үздік спортшысы» атанса, Украйналық бапкер Виктор Куропиотиик «үздік төреші» атанды. +100 келі салмақта Моңғолия балуандары Серік Бердімұратұлы мен түйе балуан Д.Анар бас жүлдені қанжығалады. Көрермендер арасында ойнатылған лотериядан ең салымды қонақ «Toyota prius 30» маркалы автокөлікке ие болды», - деп жазады  KAZNEWS. 


Нылқы ауданында қазақтілді аудармашы мамандардың басын қосқан алқалы жиын өтті  - Қытайдың «Орталық халық радиосы» (CNR)


Іле Қазақ автономиялы облысының Нылқы ауданында қазақтілді аудармашы мамандардың басын қосқан ғылыми конференция өтті, деп жазады Қытайлық kazakcnr.com сайты.


«Терминологиялық жұмыстар ғылым мен техниканың, мәдениеттің және басқа да арнаулы салалардың дамуымен ұдайы бірге дамып түрленіп отырады. Сондықтан қазақтілді аудармашы мамандар терминдерді біріздендіру, реттеу мақсатында Нылқы ауданында ғылыми конференция өткізді.  Жиналысқа түрлі саладағы қазақтілді аудармашы мамандар мен Қытай ұлттар аударма орталығының қазақ бөлімінің мамандары қатысты. Ғылыми конференцияда тіл мамандары  400- ден астам жаңа атау- терминдер аударып, тексеріп бекітті», - деп жазады CNR.


«Алтын адам» Түркияға келеді - TRT


Қазақстанның археологиялық қазбаларының нәтижесінде шығарылған «Алтын адамның» бұйымдары  Түркияға келеді,  деп жазады Түркия Радио Телевизия порталы.

«Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі тарапынан басталған «Алтын адамның әлем елдеріне шеруі» атты халықаралық көрмесі алдымыздағы айда Анкарада ашылады. Анадолы Мәдениеттері музейінде ашылатын көрме 12 қыркүйек күні басталып, бір ай бойынша ашық болады. 2500 жыл бұрын өмір сүрген сақ жауынгерлерінің және басқа «Алтын адамдардың»  сақ обасынан табылған бұйымдары көрмеде орын алады. «Алтын адамның әлем елдеріне шеруі» атты халықаралық көрмесі осы жылдың аяғына дейін тағы 5 елде ашылмақ», - деп жазады TRT.

Бұлттар арасындағы Нарын жайлауы - Тяньшаньнет


Қытайдың Алтай аймағына қарасты Қаба ауданындағы Нарын жайлауы жаз айларында түрленіп, өзгеше түске енеді, деп жазады «Тяньшаньнет» ақпараттық порталы.


«Қазақтар қоныстанған  Қаба ауданындағы Нарын жайлауы ағаш түрі ең мол, көп түрлі бағалы өсімдіктер мен ормандардан құралған. Жаз маусымында асқар тау, ну орманы өзгеше түске еніп, өзен сулары сылдырай ағып, гүлдері құлпырып жайқала өседі. Батыс Сібір жақтағы Тайга орманы бұнда да бар. Назарларыңызға осы көркем табиғат көрінстерінен фоторепортаж ұсынамыз», -  деп жазады Тяньшаньнет. 


«Астана Балет» Ташкенттегі алғашқы гастролін «Ұлы дала мұрасы» атты бағдарламасымен ашты - «ӨзА» ақпараттық агенттігі


әлем елдерінің ірі қалаларында көрермен көзайымына айналған «Астана Балет», жаңа маусымды ынтыға күткен, классиканы аңсаған Ташкент халқының ықыласын өзіне ерекше аударды, деп жазады Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі.


«Ұлы тұлғалардың әндерімен әрленген авторлық «Ұлы дала мұрасы» атты концерттік бағдарламасымен басталған қойылымдар топтамасын Ташкент жұрты өте жылы қабылдады. Ресей, Қытай, Франция, Австрия, Корея, Жапония, Венгрия, Әзербайжан, Америка, Италия, Белгия, Беларусь сынды елдерге гастролдік сапар жасаған «Астана Балет» театыр ұжымының Ташкенттік өнер сүйер қауым, Өзбекстан астанасына ат басын тірегенін күткені соншалықты Әлішер Науаиы атындағы Өзбекстан мемлекеттік академиялық театр залында ине шаншыр орын қалған жоқ. Концерттік қойылымдар соңын махаббат әлеміне шарлайтын, адам бойына кіршіксіз сезімдер мен шексіз серпіліс берер «A Fuego Lento» бір актілі балеті түйіндеп берді», - деп жазады ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі. 


Ресей алғаш рет ғарышқа адамға ұқсас андроид типтегі робот ұшырды - «Фарс» ақпарат агенттігі


Ресей «Байқоңыр» ғарыш айлағындағы «Гагарин» платформасынан «Союз» ұшқышсыз ғарыш кемесімен «Федор» есімді андроид типтегі роботты алғаш рет ғарышқа ұшырды,  деп хабарлайды parstoday  ақпарат агенттігі.

«Бұл ресейлік адамға ұқсас роботтың халықаралық ғарыш станциясында атқаратын алғашқы миссиясы. Ол 17 күн бойы ресейлік ғарышкерлердің бақылауында жұмыс істейді деп күтілуде. Федор ұшар алдында әлемдегі бірінші ғарышкер Гагариннің «Кеттік» деген атақты сөйлемін қайталады», - деп жазады parstoday.

Соңғы жаңалықтар