Алтай Көлгіновке проблемалы үйлердің құрылыс қарқыны ұнамады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорда әкімі Алтай Көлгінов кезекті рет проблемалы тұрғын үй нысандарын аралады, деп хабарлайды ҚазАқпарат әкімдікке сілтеме жасап.

Нұр-Сұлтан әкімі 30 шілде күні кешке алдымен «Жеті жол» тұрғын үй кешенінің (Көктал кенті) құрылыс алаңына ат басын тіреген. Аталған үйдің құрылысы 2013 жылы басталған, 2015 жылы нысан проблемалы деп танылған. Үлескерлердің саны – 600 адамға жуық.

Құрылыс қарқынының баяулығын байқаған Алтай Көлгінов: «Үш апта бұрын кездестік. Құрылыс баяу жүріп жатыр. Маған жұмыс қарқыны ұнамайды. Бастағаннан кейін аяқтау керек. Егер сіз де осындай ұстанымды ұстансаңыз, сіздің алдыңғы құрылыс салушыдан еш айырмашылығыңыз болмайды ғой. Біз сізге жобалау жұмыстары бойынша көмектесіп, барлық мәселелерді зерделеп отырмыз. Тездету керек, құрылыс маусымы аяқталып қалды», - деп кейістік танытты.

Екінші объект - «Комфорт» тұрғын үй кешені болды. Бұл нысан 2015 жылы проблемалы болып танылған. Үлескерлердің саны – 227 адам. Құрылыс салушы аталған нысанда жұмыс жүргізіліп жатқанын, жұмысшылардың екінші ауысымы туралы мәселе қаралу үстінде екенін атап өтті. Қазіргі кезде олар инженерлік желілер жобасын күтуде.

«Бұл қарқынды тоқтатпаңыз. Қысқа мерзімде нәтиже көрсеттіңіз, жұмыс жүргізілгені байқалады. Инженерлік желілердің жобасын алғаннан кейін абаттандыру мәселелері бойынша жұмысты бастау керек», - деп атап өтті А.Көлгінов.


Соңғы жаңалықтар