Алтай Көлгінов коммуналдық қызметкерлерге ерен еңбегі үшін алғыс айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елорда әкімі Алтай Көлгінов коммуналдық қызметкерлерді алғыс күнімен құттықтап, олардың адал әрі қажырлы еңбегінің маңызын атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімінің ресми сайтына сілтеме жасап.

«Сіз ауа райының қолайсыздығына қарамастан күндіз-түні еңбектеніп жатырсыз. Өз тарапымыздан қолдау көрсетіп, еңбек жағдайын жақсартуға тырысамыз: коммуналдық қызмет паркін жаңартамыз. Еңбегіңізді жоғары бағалаймыз. Атқарып жатқан адал жұмысыңыз үшін алғыс айтамын», - деді қала әкімі Алтай Көлгінов.

Елорда әкімі Алтай Көлгіновтың тапсырмасына сәйкес 2020 жылдың басынан бері коммуналдық қызметкерлердің еңбекақысы көтеріліп, сыйақы берілді. Алпысбай Хамытбек коммуналдық қызметте 6 жыл жұмыс істеп келеді.

«Мен шеткері аймақтың тұрғынымын. Жұмысқа 3:30-да тұрамын. Автобус алып кетеді. Таңғы сағат 6-да біз жұмысқа кірісеміз. Жұмыс өте көп. Тіпті ауа райының қолайсыздығына байланысты 2-3 күн үйге бармай, жұмыс жасағанымыз бар. Коммуналдық қызметте міне, алтыншы жыл жұмыс жасап келемін. Осы уақыт ішінде биылғыдай қар көрмеппін. Біздің жұмысымызды бәрі көре бермейді, себебі қарды тазалаған соң қайта қалың қар жауады. Біз күшімізді аямай, қаланың таза болуы үшін жұмыс істейміз», - дейді Алпысбай Хамытбек.


Қаланың коммуналдық қызметкерлері күшейтілген тәртіпте жұмыс істейді. Қысқы кезеңде 5 млн 28 мың текше метр қар шығарылды, өткен жылы 1 млн 900 мың текше метр қар шығарылған.


«Қазгидромет» РМК мәліметінше, ақпанда жауған қар мөлшері нормадан үш есе жоғары болды (норма - 15 мм, 45 мм түсті). Қаңтарда - 53 мм (норма 16 мм), желтоқсанда - 39 мм (норма - 22 мм ) қар түсті. Былтыр қараша айынан наурыз айына дейін 99 мм қар түсті, биыл қараша айынан ақпан айына дейін 184 мм қар түсті. Бұл нормадан екі есе жоғары.




Соңғы жаңалықтар