Алтай Көлгінов қоғамдық көліктің не үшін тоқтатылғанын түсіндірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов қоғамдық көліктің не үшін тоқтатылғанын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Штабта инфекция таралымын азайтып, жұқтыру тізбегін үзу туралы шешім қабылданды. Тәжірибе көрсеткендей, қоғамдық көлік – ауру жұқтыру қаупі бар негізгі орын. ТЖ режиміне дейін елордада күніне 750 мың адам қоғамдық көлікті пайдаланатын. Бұл – ауқымды көрсеткіш. Қоғамдық көлікті тоқтатқанда инфекция таралымының айтарлықтай азайғанын байқадық. Сондықтан, карантин кезінде де адамдардың денсаулығына қатер төнбеуі үшін қоғамдық көлік тоқтатылды», - деді әкім Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Оның айтуынша, қаладағы өмірлік маңызы бар кәсіпорындар қызметкерлері арнайы тасымалданады. Әкімдік өзге де ірі кәсіпорындардан қызметкерлерін жұмысқа жеткізуді ұйымдастыруды талап етеді.

«Егер эпидемиялық жағдай жақсарса, уақытша кесте бойынша қоғамдық көлікті іске қосуымыз мүмкін. Бірақ, автобус уақытын 21:00-ден 19:00-ге қысқартқанда, халықтың соңғы автобусқа үлгеруі үшін топтап жиналатынын көрдік. Салдарынан ауру жұқтыру қаупі артты. Тіпті, автобус жүргізушілерінің, жолаушылардың вирус жұқтыру оқиғасы тіркелді», - деді әкім.

Айта кетейік, Нұр-Сұлтанда коронавирус инфекциясын жұқтырған 61 адам қайтыс болды.



Соңғы жаңалықтар